Шымкент қаласы Қаратау ауданының әкімі Алмас Абаев тәртіптік жазаға тартылды. Ол төбелеске қатысқан, деп хабарлайды Juzmedia.kz агенттігі Kazinform-ға сілтеме жасап.
Бұған әлеуметтік желіде тараған видео себеп болған. Онда аудан әкіміне ұқсайтын адам қаладағы футбол алаңында шартпа-шұрт төбелескені байқалады. Тексере келе, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі “әдеп жөніндегі комиссия Абаевтың әрекеттерінде қызметтік әдеп нормаларын бұзу фактілері бар” деген қорытындыға келген.
Нәтижесінде, Шымкент қаласы әкімінің өкімімен Алмас Абаев тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Алмас Абаев Қаратау ауданының әкімі қызметіне 2025 жылдың сәуірінде тағайындалған.
Оның алдында бұл қызметті атқарған Рахымберді Мүлкеманов бірінші сынып оқушысы ағынды су толы шұңқырға құлап қаза тапқан оқиғадан кейін қызметінен босатылған еді.