Қазақстанда ең төменгі жалақы 150 мың теңгеге дейін көтерілуі мүмкін. Әрине, бірден емес. Кезең-кезеңімен. Бұл туралы Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин хабарлады.
Оның айтуынша, үкіметтің мұндай жоспары бар. Бірақ, нақты мерзімі белгісіз. Вице-министрдің айтуынша, бұл шешім бірнеше экономикалық көрсеткішке байланысты қабылданады. Негізгі фактордың бірі – медианалық жалақы деңгейі.
“Әлемдік тәжірибеде ең төменгі жалақы медианалық жалақының шамамен 50%-ын құрайды. Біздің елде медианалық жалақы шамамен 302 мың теңге. Сондықтан ең төменгі жалақыны 150 мың теңгеге жеткізу – жақын уақыттағы мақсатымыз. Бірақ бұл бюджет мүмкіндіктеріне байланысты жүзеге асады”, – деді Азамат Әмрин.
Ең төменгі жалақының өсуі – мемлекеттік бюджеттің кірісіне тікелей тәуелді. Айта кетейік, қазіргі елдегі ең төменгі жалақы мөлшері – 85 мың теңге.