homepage
Depositphotos.com

Қазақстанда мұнай өңдеу көлемі ұлғайтылмақ

14.04.2026, 12:49

Қазақстан жұмыс істеп тұрған мұнай өңдеу зауыттарында өндіріс көлемін арттыруды жоспарлап отыр. Бұл туралы Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Үкімет отырысында 2026 жылдың алғашқы үш айындағы көрсеткіштерді таныстыру кезінде мәлімдеді,  деп хабарлайды Juzmedia.kz

Министрдің айтуынша, есепті кезеңде мұнай өнімдерін өндіру көлемі 3,67 млн тоннаны құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 98,9%-ды көрсеткен. Ал 2026 жыл қорытындысы бойынша 15,5 млн тонна мұнай өнімін өндіру жоспарланып отыр.

Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қуаттылығы 10 млн тонна болатын жаңа мұнай өңдеу зауытын салу жобасы жеделдетіліп жатыр. Бұл ішкі нарықты отандық жанар-жағармаймен толық қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек.

“Қолданыстағы зауыттарды кеңейту жұмыстары да жалғасуда. Атап айтқанда, Павлодар мұнай-химия зауытының қуатын 5,5 млн тоннадан 9 млн тоннаға дейін, Шымкент мұнай өңдеу зауытының қуатын 6 млн тоннадан 12 млн тоннаға дейін, ал Атырау мұнай өңдеу зауытының қуатын 5,5 млн тоннадан 6,7 млн тоннаға дейін арттыру көзделген”, – деді Ерлан Ақкенженов ​​​​​​.

Бұдан бөлек, мұнай-газ химиясы саласында да өндіріс көлемін ұлғайту жоспарланып отыр. Биыл полипропилен өндірісін 450 мың тоннаға дейін жеткізу жұмыстары жүргізілуде, ал 2026 жылға болжам 580 мың тоннаны құрайды.

Сарапшылар бұл шаралар жанар-жағармай тапшылығын азайтып, отандық мұнай-химия саласының дамуына серпін береді деп отыр.