Қазақстанда жаңа автокөліктердің бағасы айтарлықтай төмендей бастады. Жыл басынан бері көліктер шамамен 7,5%-ға арзандаған. Дилерлер де сатып алушыларды тарту үшін түрлі акция мен арнайы бағдарламаларды ұсынып жатыр, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, қаңтарда автокөліктер бағасы 0,2%-ға, ақпанда 3,5%-ға төмендесе, наурызда жылдық мәнде 7,5%-ға арзандаған. Сарапшылар мұны бірнеше факторлармен байланыстырады.
Inbusiness.kz мәліметінше, бағаның арзандауына пандемиядан кейінгі жаһандық логистиканың реттелуі септігін тигізді. Бұған дейін өндірісті тежеген жартылай өткізгіштер тапшылығы жойылып, тауар жеткізу жолдары жеңілдеді. Қазіргі таңда импорттаушылар шығындарды азайтып, жергілікті өндірісті жандандыру арқылы өнім құнын төмендетіп жатыр.
«Бұл да көліктің өзіндік құнының төмендеуіне айтарлықтай әсер етеді. Сонымен қатар өндірушілер мен импорттаушылар өз шығынын азайту бағытында тұрақты жұмыс жүргізіп жатыр. Мысалы, 2025 жылдың қыркүйегінде Алматыда іске қосылған зауытта шығарылатын кейбір модельдің бағасы 2%-дан 17%-ға дейін төмендеді», – дейді Қазақстан автомобиль одағының президенті Анар Макашева.
Сарапшылардың айтуынша, бағаның төмендеуіне елдегі автопаркті жаңарту қажеттілігі де ықпал етуде. Қазір Қазақстанда 5,6 млн-нан астам көлік бар, олардың 40 пайыздан астамы 20 жылдан бері пайдаланылып келеді. Жаңа көліктердің сатылымы артқан сайын нарықтағы ескі машиналардың үлесі азаяды.
Мамандар бағаның төмендеу үрдісі алдағы уақытта да жалғасуы мүмкін екенін айтады. Жаңа көліктер көбейген сайын, қолданыстағы (ескі) машиналардың да бағасы түсе бастайды.
Оның үстіне, дилерлік орталықтардың тиімді несие мен бөліп төлеу бағдарламалары жаңа көлік алуды әлдеқайда қолжетімді етті.
Дегенмен қауіп те жоқ емес: теңге бағамының құбылуы, геосаяси жағдайлар мен логистикалық кедергілер бағаны қайта өсіруі мүмкін. Соған қарамастан, алдағы бес жылда Қазақстанның автонарығы айтарлықтай өзгеріп, жаңа көліктердің үлесі басым болады деген болжам бар.