Үкіметте жүргізуші куәлігін алу рәсімін жетілдіру мәселесі бойынша кеңес өтіп, онда емтихан жүйесінің ашықтығын арттыру, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту және азаматтарға қолайлылық жасауға бағытталған шаралар бекітілді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Жаңа өзгерістерге сәйкес, азаматтар жүргізуші куәлігін алу үшін емтиханды ақылы негізде шектеусіз тапсыра алады. Бұл ретте әр әрекет арасындағы аралық кемінде 10 күн болуы тиіс.
Бұған дейін үш тегін мүмкіндік беріліп, одан кейін қайта оқу міндеттелетін.
Жаңа норма артық шектеулерді алып тастап, рәсімді жеңілдетуге бағытталған.
Жасанды интеллект енгізіледі
Емтихан тапсыру процесіне жасанды интеллект технологиялары енгізіледі. Теориялық кезеңде толықтырылған шынайылық (AR), ал практикалық емтиханда компьютерлік көру жүйесі қолданылып, бұзушылықтарды автоматты тіркеу жоспарланған.
Сонымен қатар тыйым салынған құрылғыларды қолданғандарға әкімшілік жауапкершілік күшейтіледі және теориялық емтихан тапсыру құқығынан бір жылға дейін айыру мүмкіндігі қарастырылған.
Бұдан бөлек, автомектептердің жұмысына қойылатын талаптар күшейтіліп, лицензиялау енгізу жоспарланып отыр.
Бұл шаралар жүргізуші куәлігін алу процесінің ашықтығын арттырып, сапалы даярлықты қамтамасыз етуге бағытталған.