Ішкі істер министрлігі жасанды интеллект технологиялары арқылы жасалатын интернет-алаяқтықтың жаңа схемалары таралып жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
ІІМ киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма бастығы Бейбіт Біржановтың мәліметінше, қаскөйлер өздерін құқық қорғау органдарының қызметкерлері, банк өкілдері немесе түрлі ұйымдардың мамандары ретінде көрсету үшін жалған сурет, аудио және бейнематериалдарды пайдалануда.
“Әсіресе, азаматтарға бейнеқоңырау арқылы хабарласып, жалған бейне мен дауысты қолдану жағдайлары жиілеген. Мұндай кезде алаяқтар өздерін полиция қызметкері, ұлттық қауіпсіздік органдарының өкілі немесе банктің қауіпсіздік қызметі ретінде таныстырады. Олар «күдікті операция анықталды» немесе «ақшаңызға қауіп төніп тұр» деген сылтаумен азаматтарды қаражатты шұғыл түрде «қауіпсіз шотқа» аударуға көндіреді”, – деп атап өтті ІІМ өкілі.
Жалған хабарламалар да қолданылып жатыр
Сонымен қатар ресми хабарламаларға ұқсас жалған құжаттар жіберу, мемлекеттік органдар немесе қаржы ұйымдары атынан байланыс орнатқандай әсер қалдыратын автоматтандырылған сервистер мен чат-боттарды пайдалану фактілері де тіркелген.
ІІМ өкілдері құқық қорғау органдары мен банк қызметкерлері ешқашан бейнеқоңырау арқылы ақша аударуды талап етпейтінін ескертеді. Олар құпия деректерді сұрамайды және телефон арқылы қаржылық операция жүргізуді ұсынбайды.
“Алаяқтықтан сақтану үшін бейтаныс адамдардың ақша аудару туралы нұсқауларын орындамау, жеке және банк деректерін жария етпеу, күмәнді ақпаратты тек ресми дереккөздер арқылы тексеру қажет. Күдікті жағдайлар анықталған жағдайда дереу полицияға хабарлау керек”, – деп атап өтті Бейбіт Біржанов.