АҚШ президенті Дональд Трамп өзінің Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында жақын арада Құрама Штаттардың Ормуз бұғазына блокада жариялайтынын хабарлады. Мемлекет басшысының айтуынша, бұл шара аясында барлық кемелерге бұғаз арқылы Иран мен Таяу Шығыстың басқа елдеріне, сондай-ақ Арабия теңізіне қарай өтуге толықтай тыйым салынады. Трамп бұл блокадаға өзге де мемлекеттердің қосылатынын атап өтіп, мұндай шұғыл қадамға Пәкістанда өткен АҚШ пен Иран өкілдері арасындағы ядролық бағдарлама бойынша келіссөздердің нәтижесіз аяқталуы себеп болғанын түсіндірді.
Америкалық лидер Иранның бұғазды миналардан тазартып, су жолын ашу туралы уәдесін орындамауын «әлемдік бопсалау» деп бағалап, 11 сәуірде айтқан су жолын миналардан күштеп тазарту туралы мәлімдемесін тағы да нақтылады. Ол АҚШ әскеріне немесе бейбіт кемелерге оқ атқан кез келген ирандықтың «күлі көкке ұшатынын» қатаң ескертті. Бұған қоса, Президент әскери-теңіз флотына халықаралық суларда Ормуз бұғазынан өткені үшін Иранға баж салығын төлеген әрбір кемені іздеп, ұстауды тапсырды. Трамптың пайымдауынша, мұндай «заңсыз төлемдерді» жасайтын ешбір тарапқа ашық теңізде қауіпсіз қозғалысқа кепілдік берілмейді.
АҚШ ПЕН ИРАН КЕЛІССӨЗДЕРІНІҢ СӘТСІЗДІГІ
АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс CNN арнасына берген баспасөз мәслихатында Исламабадта 21 сағатқа созылған ауыр келіссөздерден кейін соғысты тоқтату туралы келісімге қол жеткізілмегенін растады. Вэнстің айтуынша, Иран ядролық қарудан бас тарту туралы міндеттемені қабылдаудан үзілді-кесілді бас тартқан. АҚШ тарапы өзінің «соңғы әрі ең тиімді» ұсынысын жасағанымен, Тегеран бұл шарттарды қабылдамады. Ирандық БАҚ өкілдері келіссөздердің сәтсіздікке ұшырауын Вашингтонның «шамадан тыс» талаптарымен байланыстырып отыр. Қазіргі уақытта жаңа келіссөздер раунды жоспарланбаған.
Бұл дипломатиялық тығырық 8 сәуірде жарияланған екі апталық уақытша бітімнің күшін жойып, әлемдік энергия тасымалының негізгі артериясы саналатын Ормуз бұғазының ашылуын белгісіз мерзімге шегерді. Иранның Fars агенттігі Иранның ешқайда асықпайтынын және АҚШ келісімге келмейінше, бұғаз мәртебесі өзгермейтінін мәлімдеді.
АҚШ мемлекеттік департаменттің Таяу Шығыс бойынша бұрынғы келіссөзшісі Аарон Дэвид Миллердің пікірінше, 21 сағаттық келіссөздерден кейін Иранның ұстанымы АҚШ-қа қарағанда нығырақ болып шықты. Сарапшының айтуынша, Иран жеңілдік жасауға асықпайды, өйткені олардың қолында әлі де жоғары байытылған уран қоры бар. Миллер Иранның географиялық орналасуын қару ретінде қолдана отырып, Ормуз бұғазын толық бақылауға алғанын және қолданыстағы режимнің сыртқы қысымдарға қарамастан сақталып қалғанын атап өтті. Бұл жағдай халықаралық қауіпсіздік пен жаһандық экономика үшін жаңа дағдарыстың басталғанын айқындайды.
ЕКІ ОТТЫҢ ОРТАСЫНДА ҚАЛҒАН ПӘКІСТАН
Пәкістан астанасы демалыс күндері жаһандық саясаттың басты нүктесіне айналды. Исламабад көшелеріндегі күшейтілген қауіпсіздік шаралары мен аспандағы тікұшақтардың гүрілі бекер емес. АҚШ пен Иран арасындағы бір айға созылған қанды текетірестен кейін, қос тараптың ең жоғары лауазымды өкілдері дәл осы жерде бетпе-бет келді.
Қарудың үнімен басталған соғыс дипломатиямен аяқталар деген үміт болды. Солай болса екен деп тілегендердің көш басында алаң ұсынған Пәкістанның өзі тұр. Себебі, Исламабадтағы жабық есік жағдайындағы бұл сауда - жай ғана бітім емес, үлкен геосаяси лотерея. Бұл жердегі ең басты сұрақ: «Ұрыспаңдар» деп екі алпауыттың арасында делдал болып жүрген Пәкістанның өзі ертең бұл ұрыс алаңына еріксіз кіріп кетпей ме? Пәкістан - Вашингтон мен Тегеран арасындағы тарихи көпір болғанымен, қазір ол өте нәзік тепе-теңдікте тұр. Исламабадтағы келіссөздердің сәтсіз аяқталуы, соғыстың георафиясын кеңейтіп жіберуі бек мүмкін.
Камран БОХАРИ, Вашингтондағы Таяу Шығыс саясаты жөніндегі кеңестің аға ғылыми қызметкері:
«Пәкістанға қазір орасан зор қысым түсіп тұр. Егер соғыс тоқтамай, Иран агрессивті қарымта соққыларын үдетіп, Сауд Арабиясына шабуыл жасайтын болса, Пәкістанның стратегиялық өзара қорғаныс келісімі автоматты түрде күшіне енеді. Исламабадтың әскери қақтығысқа түсуге ешқандай құлқы жоқ, бірақ соғыс аймақтық деңгейге өршіп кетсе, оның бейтарап қалуға мүмкіндігі қалмайды. Пәкістан еріксіз араласуға мәжбүр болады».
Тараптардың алға жылжу жоқ, келесі келіссөз қашан болатыны белгісіз деп тарауы - аймақтың «жарылыс алдында» тұрғанының белгісі. Дипломатиялық десанттың Исламабадқа қонуы - бейбітшілікке деген соңғы үміт болғанымен, Пәкістанның өзі үшін үлкен қауіптің басы. Тараптардың мәмілеге келуі тек екі елдің ғана емес, бүкіл ислам әлемінің тұрақтылығына тікелей әсер етпек.
ДИПЛОМАТИЯЛЫҚ САУДА: ТРАМП НЕГЕ ТІЗГІН ТАРТТЫ?
«Ашу - дұшпан, ақыл - дос». Саяси аренада бұл қағида эмоцияға берілмей, парасатты шешім қабылдаудың басты өлшемі саналады. Алайда, 28-ші ақпанға дейін Дональд Трамптың риторикасы мүлдем басқа арнада болды. Иранға қарсы «от пен ашу» тактикасын қолданған Ақ үй басшысы Тегеранды біржола тізе бүктіремін деп сенді. Бірақ, Венесуэла президентін бір твитпен-ақ саяси сахнадан қағып түсірген Трамп, Тегеранның «қақпасы» соншалықты оңай ашылмайтынын ескермегендей.
Бұл текетіресте Трамптың маңайындағы «уәзірлерінің» рөлі ерекше болды. Оның күйеу баласы, танымал бизнесмен Жаред Кушнер мен АҚШ-тың Таяу Шығыстағы арнайы өкілі Стив Уиткофф соңғы сәтке дейін президентті райынан қайтару үшін барын салды. Олар Израильдің айтағына еріп, аймақта үлкен соғыс бастаудың арты Америка үшін «аузы күйген» кезеңге айналатынын түсіндірді. Трамптың ашуға мініп, «Ормуз бұғазын ашыңдар, мұнай тиеген кемелерді өткізіңдер!» деп жер тепкілеуі оның геосаяси тығырыққа тірелгенін ғана көрсетті.
Сарапшылардың пайымынша, Трамптың «тізгін» тартуы - бұл жеңіліс емес, амалсыз жасалған тактикалық қадам. Иранның радикалдануы мен ядролық бағдарламасының бақылаудан шығу қаупі Ақ үйді Тегеранның қатаң талаптарымен санасуға мәжбүр етті.
Жәнібек Көпжасар, ирантанушы:
«АҚШ-қа тек сыртқы емес, ішкі саяси қысым да шегіне жетті. Трамптың агрессивті бағыты Америка қоғамы мен халықаралық серіктестері арасында үлкен айыптаулар туғызды. Бүгінгі бітім - бұл классикалық «тыныштандыру саясаты». Иран тарапы Вашингтонның мұндай қадамға баратынын күтпеген еді, бірақ Трамп келісімге бейіл танытқан соң, Тегеран да өз ойынын бастады. Қазір Иранды нақты кім басқарып отырғаны жұмбақ болса да, олар осы уақытша үзілісті өздерінің стратегиялық мақсаттарына — ядролық амбициялары мен аймақтық бақылауды нығайтуға пайдаланып қалуға барын салады».
Кеше ғана «алып та, шалып та жығамыз» деген айбарлы державаның бүгін «дипломатиялық саудаға» көшуі әлемдік саяси тепе-теңдіктің Иран пайдасына қарай қисайғанын аңғартса керек. Тегеран жолдаған тізімінде ең алдымен қауіпсіздік кепілдігі тұр. АҚШ пен оның одақтастары Иранға қарсы агрессияны тоқтатып, «шабуыл жасамау» принципіне адалдық танытуы тиіс.
Екінші және ең маңызды стратегиялық пункт - Ормуз бұғазы. Тегеран әлемдік мұнай тасымалының күре тамырына өз бақылауын толық сақтап қалуды талап етіп отыр. Бұдан бөлек, құжатта Иранның уран байыту құқығын халықаралық деңгейде тану мәселесі көтерілген. Бұл ядролық бағдарламаны заңдастыру деген сөз.
Экономикалық блок та өте қатаң: Иран барлық негізгі және қайталама санкциялардың дереу күшін жоюды, сондай-ақ БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі мен МАГАТЭ-нің осы уақытқа дейін қабылданған барлық резолюцияларын тоқтатуды сұрап отыр.
Бітімнің соңғы шарттары - АҚШ-тан келетін экономикалық өтемақы және Америка әскерінің аймақтан толықтай шығарылуы. Сондай-ақ, соғыс қимылдары тек Иранда емес, Ливанды қоса алғанда, барлық майдандарда тоқтауы тиіс. Алайда, саяси сарапшылар Вашингтонның бұл шарттарды сол күйінде қабылдауы екіталай екенін әуел баста айтқан. Бұл дипломатиялық шегініс емес, жаңа айлалы қадамның бастауы болуы мүмкін. АҚШ Тегеранның амбициясына бас шұлғып, аймақты тастап кете салуға дайын емес. Керісінше, бұл үзілісті олар Иранның ішкі саяси тепе-теңдігін өзгерту үшін пайдаланбақ.
Жәнібек КӨПЖАСАР, ирантанушы:
«Тегеранның бұл талаптары АҚШ үшін үлкен соққы. Бірақ Вашингтонның түпкі мақсаты өзгерген жоқ: олар Иран режимін саяси сахнадан мүлдем кетіруді көздейді. Қазіргі жоспар биліктегі радикалдарды біртіндеп ысырып, олардың орнына реформаторлық бағыттағы, келіссөзге келе алатын «ыңғайлы» адамдарды қою. Сондықтан бұл «демалыстан» соң соғыс міндетті түрде қайта басталады. Егер жаңадан келген реформаторлар АҚШ-тың мүддесіне көнбесе, оларды да ауыстыруға күш салады. Америка бұл аймақтан оңайлықпен кете салмайды, өйткені олай істеу алдағы уақытта Вашингтон үшін бұдан да үлкен жаһандық проблемаға айналады».
Қос тараптардың мақсаты екі бөлек. Тегеран өз режимін заңдастырып, санкциядан құтылуды ойласа, Вашингтон «демалыс» жариялап, Иранның ішкі жүйесін ірітуге уақыт ұтып отыр. Демек, негізгі шайқас әлі алда.
ОРМУЗ БҰҒАЗЫ: ӘЛЕМДІК ЭКОНОМИКАНЫҢ «ҚҰЛПЫ»
АҚШ-тың Иранмен атысты уақытша тоқтатуға келісуіне әсер еткен ең басты фактор дипломатиялық шеберлік емес, қатал экономикалық шындық. Ол - Ормуз бұғазы. Бұл тар өткел бүкіл әлемдік экономиканың «күре тамыры» ғана емес, сонымен бірге кез келген сәтте жаһандық нарықты тұншықтырып тастай алатын «қақпан». Дүниежүзінде теңіз арқылы тасымалданатын мұнайдың үштен бірі, яғни тәулігіне 21 миллион баррельден астам «қара алтын» дәл осы өткелден өтеді. Бұғаздағы қозғалыстың сәл баяулауы энергия бағасының аспандап кетуіне әкеп соқтырады. Мұны Иран тарапы өзінің басты стратегиялық қаруы ретінде шебер пайдаланып отыр.
Саид ХАТИБЗАДЕ, Иран Сыртқы істер министрінің орынбасары:
«Ормуз бұғазы ресми түрде ашық, бірақ аймақтағы соғыс қимылдары мен Иранға қарсы агрессияға байланысты біз белгілі бір «техникалық шектеулер» енгізуге мәжбүрміз. Қазір бұғаз арқылы өткісі келетін барлық кемелер біздің армиямызбен және әскери байланыс бекеттерімен хабарласуға, рұқсат алуға міндетті».
Бұл «техникалық шектеулер» іс жүзінде Иранның әлемдік сауданы өз бақылауында ұстап отырғанын білдіреді. Бұл жағдай тек энергия нарығын емес, жаһандық жеткізу тізбегін түгелдей тығырыққа тіреді. Сарапшылар бұл жыл соңында ең үлкен қауіпге айналады деп бағалайды.
Габриэль ФУЭНТЕС, Норвегия экономика мектебінің ассистент-профессоры:
«Біздің алдымызда тұрған ең үлкен қатер - барлық стратегиялық «тар өткелдердің» бір мезетте жабылып қалуы. Егер бұл жүйе істен шықса, жыл соңындағы жаһандық тұтыну нарығы - Рождество мерекесінен бастап барлық тауар айналымына дейін орасан зор соққы алады. Логистика мамандары бұл дағдарысқа қазірден дайындалуы тиіс».
Бұл қауіп әлемдік державаларды, тіпті Трамптың ең жақын одақтастарын да аяғынан тік тұрғызды. Логистикалық коллапстың алдын алу үшін Еуропа мен Америка шұғыл дипломатиялық және әскери коалиция құруға көшті. Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармердің Қатардағы мәлімдемесі осы алаңдаушылықтың айқын көрінісі.
Кир СТАРМЕР, Ұлыбритания Премьер-министрі:
«Парсы шығанағы елдері - Иранның тікелей көршілері, сондықтан бітімнің тұрақты болуы ең алдымен соларға қажет. Біз Президент Трамппен бұғаздағы кеме қатынасын қалпына келтірудің нақты жоспарын талқыладық. Қазір Ұлыбритания 30-дан астам мемлекеттің басын қосып, кемелерді қауіпсіз өткізудің арнайы дипломатиялық және әскери-логистикалық жоспарын әзірлеп жатыр».
Осылайша, Ормуз бұғазындағы жағдай жай ғана аймақтық жанжал шеңберінен шығып, 30-дан астам мемлекеттің басын біріктірген жаһандық проблемаға айналды. Вашингтонның Тегеранмен келіссөзге келуі осы «мұнай тұзағынан» құтылудың жалғыз амалы болса керек.
ЖҰМБАҚ БИЛІК: ТЕГЕРАНДЫ КІМ БАСҚАРЫП ОТЫР?
1979 жылғы Ислам революциясынан бері Ирандағы билік тізгіні рухани көсемдердің қолында. Бұл жүйеде «Рахбар» немесе Жоғарғы көсем тек саяси жетекші емес, ол бүкіл мемлекеттік идеологияның тірегі, мызғымас символы. Алайда тарих көрсеткендей, кез келген абсолютті билік пирамидасы тек бір тұлғаның беделіне сүйенсе, сол тұлға жоғалған сәтте бүкіл құрылым бір сәтте күйреуі мүмкін. Идея тұлғасыз өмір сүре алмайды, ал тұлға жоқ жерде жүйе іштен іри бастайды.
Қазір Тегерандағы «үнсіздік» пен жұмбақ басқару әдістері үлкен саяси дағдарыстың алғашқы хабаршысы іспетті. 28-ші ақпандағы АҚШ-тың зымырандық соққысынан кейін Иранның Жоғарғы көсемі Әли Хаменеи мен оның ресми мұрагері саналатын ұлы Мұжтабаның тағдыры жөніндегі ақпараттар қайшылыққа толы. Билік оларды «тірі» деп жариялағанымен, бір айдан астам уақыт бойы халық алдына бірде-бір рет шықпауы түрлі қауесетке жол ашты.
Саяси сарапшылардың пайымынша, қазіргі Иранды Мұжтаба Хаменеидің өзі емес, оның «әруағы» басқарып отырған болуы мүмкін. Бұл биліктегі нақты топтардың халық пен халықаралық қауымдастықты алдау үшін жасап отырған айласы деген болжам басым.
Жәнібек КӨПЖАСАР, ирантанушы:
«Мен Мұжтаба Хаменеидің тірі екеніне үлкен күмәнмен қараймын, тіпті оның сол соққы кезінде әкесімен бірге қаза тапқанына сенімдімін. Ресми Тегеран әуелде оларды «өлді» деп, кейіннен шұғыл «тірі» деп жариялады. Қазір Иран Ислам сақшылар корпусы Мұжтабаның есімін қалқан ретінде пайдаланып, билікті өз қолдарына алып алған. Ең сорақысы тіпті Иран Президентінің өзі Жоғарғы көсемнің қабылдауына кіре алмай отыр. Өлі адамға қалай кіреді? Бұл билік басындағы топтардың арасындағы жасырын тартыстың шегіне жеткенін білдіреді. Биліктегілер оның атынан жазбаша нұсқаулар таратып, жүйені ұстап тұрғанымен, бұл жасанды тыныштық ұзаққа бармайды. Билікке талас ерте ме, кеш пе ашық майданға ұласады».
Егер бұл болжамдар рас болса, Иран қазір басқарусыз қалған алып кеме іспетті. Тұлғаның орнын жасанды нұсқаулармен толтыру биліктің әлсіздігін ғана емес, оның жылдам құлдырау алдында тұрғанын білдіреді. Иран қоғамындағы қорқынышқа негізделген үнсіздік кез келген сәтте жарылуы мүмкін саяси бомба. «Көсемге» деген соқыр сенім жоғалған сәтте, Тегеранның ішкі қазаны бұрқ ете қалмақ.
«ГЕОСАЯСИ ЖАЛҒЫЗДЫҚ» ДӘУІРІ ЖӘНЕ ИСЛАМАБАДТАҒЫ СЫН САҒАТЫ
АҚШ пен Иран арасындағы «нәзік» бітім - бейбітшілікке бастар жол емес, тек «үлкен шайқас» алдындағы тыныс алу ғана. Бір ай бойы бір-бірін атқылаған алпауыттардың уақытша мәмілеге келуі бір шындықтың бетін ашты: бүгінгі әлемде ешқандай держава қауіпсіздікке кепіл бола алмайды.
Біріншіден, Вашингтонның Тегеран алдындағы стратегиялық шегінісі - жаһандық қауіпсіздік архитектурасының іргесі сөгілгенін көрсетті. Бұрын алпауыттардың кепілдігіне сенген мемлекеттер енді «өз жанын өзі бағатын» жаңа реализмге бет бұруда. Бұл «Геосаяси жалғыздық» дәуірінің басталуы. Егер «әлемдік полиция» өз базаларын қорғай алмаса, одақтастық туралы меморандумдардың құны көк тиын.
Екіншіден, Ормуз бұғазы - жаһандық экономиканың тамағына тақалған өткір кездікке айналды. Иран бұл өткелді кез келген сәтте жауып, әлемді энергия аштығы мен логистикалық коллапсқа ұшырата алатынын дәлелдеді. Ұлыбритания бастаған 30 мемлекеттің коалиция құруға талпынысы осы «мұнай тұзағынан» туған үрейдің нышаны.
Үшіншіден, Иранның ішкі билігіндегі «елестер ойыны» - аймақтың ертеңін одан сайын бұлыңғыр ете түседі. Мұжтаба Хаменеидің жұмбақ тағдыры мен Ислам сақшылар корпусының көлеңкелі басқаруы Тегеранды кез келген сәтте іштен жарылуы мүмкін «саяси бомбаға» айналдырды.
Қорыта айтқанда, Исламабадтағы саяси сауда уақытша алданыш қана. Парсының психологиясындағы «кек» пен Вашингтонның «режимді ауыстыру» амбициясы ешқайда жоғалған жоқ. Трамптың «кезекті жеңіс» деп атаған қадамы іс жүзінде жаһандық тұрақсыздықтың жаңа, бұдан да қауіпті кезеңіне аяқ басу болуы мүмкін.
АҚШ пен Иран арасындағы уақытша бітім Ормуздағы зымырандардың үнін қанша уақытқа дейін баса алады? Бұл сұрақтың жауабын жақын арада уақыт береді. Бірақ бір нәрсе анық: әлем бұрынғы қауіпсіз қалыпқа енді ешқашан оралмайды.
Айбек ҚОСАН