Қазақстандық шоу-бизнес соңғы жылдары елдің халықаралық беделін арттыратын маңызды «soft power», яғни «жұмсақ күш» құралына айналды. Отандас әртістер әлемдік музыкалық чарттарға еніп, стриминг платформаларында миллиондаған тыңдалым жинап, ал концерттерде зал лық толып жатады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Хиттер мен стриминг нарығындағы серпіліс
Forbes Kazakhstan жазуынша, 2025 жылы ALEM, Yenlik, Қайрат Нұртас, Sadraddin, Ирина Кайратовна және Ninety One әндері халықаралық стриминг платформаларында ең көп жүктелген туындылар қатарынан көрінді.
Мысалы, ALEM орындаған «Kuiim» әнінің тірі орындауы YouTube-та 1,3 млн-нан астам қаралым жинаса, Yenlik-тің «16 Qyz» әні 4 млн-нан астам қаралымға жетті.
Соңғы жылдары тек жаңа хиттер ғана емес, қазақ музыкасының жауһарлары да цифрлана бастаған. 2024 жылы õzen шығармашылық тобы 1000-нан астам әнді цифрлық форматқа көшірді. Олардың ішінде Шәмші Қалдаяқовтың туындылары, қазақ күйлері мен халық ертегілері де бар.
Экономикалық өсім және гастроль нарығы
Саладағы белсенділік экономикаға да әсер етіп отыр. Сарапшылар мәліметінше, 2025 жылы концерттік нарық жанданып, баға 20-30% өскен. Артистердің жеке кештердегі стандартты гонорары шамамен 10 мың долларды құраса, ірі мерекелерде 15-17 мың долларға дейін жетеді.
2025 жылғы есеп бойынша ең табысты қазақстандық 5 әртіс жалпы 7,7 млн доллар табыс тапқан:
Soft power индексіндегі өсім
Global Soft Power Index 2026 нәтижесіне сәйкес, Қазақстан 193 елдің ішінде 82-орынға көтерілді (36,6 балл). Бір жыл ішінде ел бес сатыға жоғарылаған.
Сарапшылардың айтуынша, бүгінде нарықтағцы басты артықшылық – шығармашылық бірегейлік. Қазіргі аудитория ерекше стильді, визуалды және музыкалық ерекшелікті талап етеді.
Сонымен қатар әлеуметтік желілер мен стриминг платформаларының рөлі күшейіп, артистер тікелей аудиториямен байланыс орнатуға көшті. TikTok, YouTube Shorts секілді платформаларда вирус контент жасау маңызды құралға айналды.
Қазақстан шоу-бизнесі тек мәдени индустрия ғана емес, елдің халықаралық имиджін қалыптастыратын маңызды күшке айналып отыр. Музыка, кино және цифрлық контент арқылы отандық өнер әлемдік кеңістікке батыл еніп келеді.