Алматы қаласында өзін «ұстаз-блогер» деп таныстырған Нұржан Смағұлов азаматтарды қорлайтын материал таратқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Алматы қаласының Дін істері жөніндегі басқармасы мәлімдеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Желідегі даулы видео
Тергеу мәліметінше, Н. Смағұлов Instagram әлеуметтік желісінде азаматтарды қорлайтын сипаттағы пікірлер жазылған видеоматериал жариялаған.
Жазбада адамдарды «сиырмен» салыстырған мазмұн болған.
Блогер қандай жауапқа тартылды?
Аталған дерек бойынша Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының қызметкерлері ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 490-бабы 1-бөлігі 3-тармақшасына сәйкес әкімшілік хаттама толтырған.
Сот шешімімен Нұржан Смағұлов кінәлі деп танылып, оған 25 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 108 125 теңге айыппұл салынды.
Мамандар азаматтарды Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтауға және өзге адамдардың сенімі мен дүниетанымына құрметпен қарауға шақырады.