Батыс Қазақстан облысының Қазталов ауданында Сарыөзен өзенінен киіктердің өлекселері табылды. Алдын ала мәлімет бойынша, қазірдің өзінде 1600-ден астам ақбөкен қырылған, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Мамандардың айтуынша, мұндай жағдай көктем мезгілінде жиі қайталанады. Қыстан кейін әлсіреген киіктер суға батып немесе түрлі табиғи факторлардың әсерінен қырылуы мүмкін. Кей жылдары қырылған жануарлар саны 5 мыңнан да асып кеткен.
“Жетінші арна” хабарлауынша, қазіргі уақытта тиісті қызметтер өлекселерді жинап, жою жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сонымен қатар жануарлардың нақты неден қырылғанын анықтау үшін сынамалар алынып, ветеринарлық зертханаға жіберілді. Мамандар олардың адамдарға қандай да бір қауіп төндіру-төндірмейтінін де тексеруге кірсті.
Жалпы, өткен жылдың қорытындысы бойынша Орал популяциясындағы киіктер саны 2 млн 300 мыңға жеткен. Алдағы аптада өңірде жоспарлы санақ жүргізіліп, нақты көрсеткіштер белгілі болады.
Айта кетейік, 2025 жылы Үкімет қаулысымен киік санын реттеу жұмыстары жүргізіліп, табиғи ортадан 108 мыңнан астам жануар алынған. Бұл процеске 15 ет комбинаты мен сою цехы тартылған.
Жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары Қайрат Кәдешевтың айтуынша, ақбөкендердің санын реттеу нәтижесінде табиғи ортадан 108 мыңнан астам жануар алынды.
"Жұмыстарға 15 ет комбинаты мен сою цехтары қатысты. Бұл, әрине, өз әсерін тигізеді. Мысалы, егер аналық ақбөкен жылына екі төл әкелетінін, олардың шамамен 60%-ы аналық екенін ескерсек, жалпы саны шамамен үш есеге дейін азаюы мүмкін", - деді Қайрат Кәдешев.
Мамандардың пікірінше, мұндай реттеу шаралары киік санына елеулі әсер етеді. Өйткені аналық киік жылына екі төл әкеледі, ал олардың шамамен 60 пайызы аналық болады. Осыны ескерсек, популяция саны кей жағдайда үш есеге дейін қысқаруы мүмкін.