homepage
Видеодан кадр

Қазақстандықтар аптасына қанша сағат жұмыс істейді - әлемдік статистика

12.04.2026, 15:01

Соңғы жылдары әлемде жұмыс уақытының қысқару үрдісі байқалғанымен, көп елдің экономикалық жағдайы жұмыс сағатының ұзақтығына әрдайым тікелей әсер ете бермейді, деп хабарлайды Juzmedia.kz

Іnbusiness.kz жазуынша, зерттеуге енген елдердің көпшілігінде өмір сүру деңгейі жоғары емес, сондықтан тұрғындар табысын арттыру үшін ұзақ жұмыс істеуге мәжбүр.

Әлем бойынша орта есеппен адамдар аптасына 38,67 сағат жұмыс істейді. Жұмыс уақыты ең ұзақ елдердің көшін Бутан корльдігі бастап тұр. Бұл елде тұрғындар негізінен ауыл шаруашылығы мен орман саласында аптасына шамамен 55 сағат еңбек етеді.

Екінші орында Оңтүстік Африкадағы шағын мемлекет Лесото тұр. Мұнда халық аптасына 50 сағатқа жуық жұмыс істейді, ауыл шаруашылығында қол еңбегі кеңінен қолданылады. Ал үшінші орында Африка жағалауындағы аралда орналасқан Сан-Томе және Принсипи тұр, бұл елдің тұрғындары аптасына шамамен 49 сағат еңбек етеді.

World Population Review деректеріне сәйкес, Қазақстан тұрғындары аптасына орта есеппен 38 сағатқа жуық жұмыс істейді. Еліміз бұл көрсеткіш бойынша 105-орын иеленген, яғни Бразилия мен Перу арасынан орын алған.

Көрші елдерде жұмыс уақыты сәл жоғары: Қырғызстан мен Тәжікстан тұрғындары аптасына шамамен 41 сағат, ал Өзбекстанда 40,95 сағат, Түрікменстанда азаматтар 41,5 сағатқа жуық жұмыс істейді.

Бір қызығы, экономикалық жағдайы жақсы елдерде жұмыс уақыты әрдайым қысқа бола бермейді. Зерттеу нәтижесіне қарағанда, ең аз жұмыс істейтін ел – Йемен, мұнда тұрғындар аптасына небәрі 22,95 сағат еңбек етеді. Ал Нидерланд тұрғындары аптасына 26,57 сағат, Дания азаматтары 26,58 сағат жұмыс істейді.

Сарапшылардың пікірінше, жұмыс уақытының ұзақтығы тек экономикаға ғана емес, еңбек нарығының құрылымы мен халықтың табыс деңгейіне де байланысты.