Астана қалалық ТЖД өкілдері үш бала қаза тапқан өрттің жай-жапсары туралы айтты, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
112 жедел қызметіне Түркістан көшесінде орналасқан көпқабатты тұрғын үйдің 15-қабатындағы пәтерден өрт шыққаны туралы хабарлама 12 сәуірге қараған түні түскен.
“ТЖМ күштері мен құралдары оқиға орнына жедел жетті. Алғашқы бөлімшелер келген кезде пәтердің бүкіл аумағы ашық жалынмен жанып жатқаны анықталды. Пәтер металл есікпен жабылған, екі құлып орнатылған, оны құтқарушылар арнайы құралдардың көмегімен бұзып ашты”, – делінген хабарламада.
Өртті сөндіру барысында жанып жатқан пәтерден бір әйел құтқарылып, жедел жәрдем бригадасына тапсырылды. Оқиға орнынан үш кәмелетке толмаған баланың мәйіті табылды.
“ТЖД қызметкерлері жоғарғы қабаттардан 20 адамды эвакуациялады, тағы 40-қа жуық адам ғимараттан өз бетімен шықты. Өрт толық сөндірілді.
Өрт дабылы мен хабарлау жүйесі іске қосылып, лифтілер бірінші қабатқа автоматты түрде түсті.
Сонымен қатар ауладағы кіреберіс металл қақпалармен жабылып, аула автокөліктермен толтырылғанына қарамастан, ТЖД күштері өрттің көрші пәтерлерге таралуына жол берген жоқ”, – делінген ТЖД хабарламада.
Өрт фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталып, оқиғаның мән-жайы мен шығу себебін анықтау үшін сараптамалар тағайындалды.