Павлодарда 13 жастағы қызды зорлаған колледж студенті сотталды, деп хабарлайды Juzmedia.kz
Іrbistv жазуынша, тергеу нұсқасына сәйкес, жас жігіт қылмысты 2024 жылы, өзі әлі кәмелетке толмаған кезде жасаған. Бұған дейін дәл аталған қызға қатысты осындай әрекет жасағаны үшін оның досы да 10 жылға бас бостандығынан айырылған.
Қылмыстық іс жабық режимде қаралды, сондықтан оқиғаның толық мән-жайы жария етілмеді. Белгілі болғандай, жігіт қызбен оның үйінде танысып, кейін Instagram арқылы байланыс орнатқан.
Тергеу дерегінше, арада бір айға жетпейтін уақыт өткенде ол қыздың үйіне нақты мақсатпен барған. Оқушы қыз қарсылық көрсеткенімен, қарсы тұруға әлі келмеген. Бірнеше күннен кейін жағдай қайталанып, бұл жолы жігіт достарымен бірге келген.
Павлодар облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Нұрлан Айтбаев үкімді жариялап, айыпталушыны Қылмыстық кодекстің 120-бабының 4-бөлігі бойынша кінәлі деп таныды. Сот оған 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындап, сондай-ақ 2 жылға кәмелетке толмағандармен жұмыс істеу және педагогикалық қызметпен айналысу құқығынан айырды.
Сотталған азамат үкім жарияланғаннан кейін сот залында қамауға алынды.
Айта кетейік, бұған дейін оның бір досы да осы қызға қатысты зорлық жасағаны үшін 10 жылға сотталған.
Ал айыпталушының қорғаушысы іс бойынша нақты дәлелдер жеткіліксіз екенін айтып, сараптамалар жеткілікті деңгейде жүргізілмегенін алға тартты. Осыған байланысты олар апелляциялық шағым түсіруге ниетті.