homepage
Ақорда

Қазақстан тарихының бесінші томы бекітілді

12.04.2026, 10:49

Алматыда Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен «Қазақстан тарихы: ежелгі дәуірден бүгінге дейін» атты жеті томдық академиялық басылымды әзірлеу жөніндегі редакция алқасының кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Жиында ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың бас кезеңін қамтитын бесінші томның қолжазбасы қаралып, талқылау қорытындысы бойынша баспаға дайындау туралы шешім қабылданды. Жаңартылған томның құрылымы мен мазмұнын авторлар ұжымының жетекшісі, академик Зиябек Қабылдинов таныстырды.

Сонымен қатар отырыста кеңестік кезеңдегі Қазақстан тарихына арналған алтыншы томның тұжырымдамасы ұсынылды. Оның мазмұны авторлар тобының жетекшісі Күлғазира Балтабаева тарапынан таныстырылып, сарапшылардың пікірлері тыңдалды.

Жиын қорытындысында редакция алқасы алтыншы томды талқылауды келесі отырыста жалғастыру туралы шешім қабылдады.

Айта кетейік, Бұхарадағы бейресми кездесу барысында Өзбекстан президенті Мемлекет басшысына архив материалдарын табыстаған болатын. 

Атап айтқанда, Қазақстан тарапына Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи және Рәбия Сұлтан бегім кесенелеріне қатысты 1920-1950 жылдары Өзбекстанда табылған құнды құжаттар, сызбалар және фотосуреттер берілді.

Бұл құжаттардың көбі бүгінге дейін ғылыми айналымға түспеген және тарихи-мәдени құндылығы зор.