homepage
gov.kz

Еңбек иммигранттарына рұқсат беру толық онлайн форматқа көшеді

11.04.2026, 17:22

Қазақстанда 2026 жылғы 13 сәуірден бастап еңбек иммигранттарына жұмыс істеуге рұқсат беру және оны ұзарту қызметі толықтай онлайн форматқа ауыстырылады. Енді бұл қызмет ХҚКО-ларда көрсетілмейді, өтінімдер тек eGov.kz және migration.enbek.kz порталдары арқылы қабылданады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Жаңашылдықтың арқасында құжат рәсімдеу жеңілдейді: медициналық анықтама, сақтандыру және салық төлемдері туралы мәліметтер мемлекеттік жүйелерден автоматты түрде алынады. Бұл өтінім беру уақытын қысқартып, қателіктерді азайтады.

Енді шетел азаматтары Қазақстанда жеке тұлғалардың үй шаруашылығында жұмыс істеу үшін рұқсатты онлайн түрде рәсімдеп немесе ұзарта алады.

“Рұқсат беру туралы шешімді жергілікті атқарушы органдар ішкі істер органдарымен келісіп қабылдайды. Құжат 1 айдан 12 айға дейінгі мерзімге, белгіленген квота аясында беріледі”, – делінген Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің хабарламасында

Айта кетейік, бұл өзгеріс мемлекеттік қызметтерді цифрландыруды дамыту аясында жүзеге асырылды.