homepage
Видеодан кадр

Қазақстанда туды балконға және көлікке ілуге рұқсат берілуі мүмкін

11.04.2026, 16:23

Елімізде мемлекеттік туды пайдалану тәртібіне қатысты жаңа өзгерістер ұсынылды. Соған сәйкес, азаматтарға көк байрақты балконға ілуге және көлікте орналастыруға рұқсат беру қарастырылып жатыр. Бұл бастама мемлекеттік рәміздерді қолдану ережелерін нақтылау мақсатында әзірленген, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Жаңа талаптарға сай, мемлекеттік ту жерге, еденге немесе суға тимеуі тиіс. Сондай-ақ оны киім, төсек жабдығы немесе жарнамалық мақсатта пайдалануға тыйым салынады. 

“Мемлекеттік ту жерге, еденге, суға тимеу керек деген сөз қосылып отыр. Оны киім, жабын, төсек орын жабындысы ретінде, жарнамалық мақсатта қолдануға тыйым салынады деген де жаңа норма қосылып жатыр. Біз рәміздерді жалпы халық пайдалана алатындай нормаға алып келіп отырмыз”, – деді Мәдениет және ақпарат министрлігі басқармасының бас маманы Әсел Құлмағанбет.

Балконға ілінген туға да белгілі бір талаптар қойылады: ол жерден кемінде 3 метр биіктікте орналасуы қажет және 45 градус көлбеу бұрышпен бекітілуі тиіс. Туды терезе немесе балкон сыртына жапсырып қоюға болмайды. Түнгі уақытта арнайы жарықтандыру міндетті емес.

Сонымен қатар ту жыртылмаған, өңі кетпеген және ұлттық стандарттарға сай болуы керек. Ескірген немесе жарамсыз туларды жоюдың да арнайы тәртібі қарастырылған.

Айта кетейік, мемлекеттік рәміздерді пайдалану талаптарын бұзғандарға әкімшілік жауапкершілік көзделген. Ал рәміздерге құрметсіздік танытқандар қылмыстық жауапқа тартылады.