Ішкі істер министрлігінде өткен кеңейтілген алқа отырысында 2026 жылдың алғашқы тоқсанындағы жедел қызмет нәтижелері қаралды. Негізгі басымдық ретінде «Заң мен Тәртіп» қағидаты айқындалып, оны қоғамның барлық саласында күшейту қажеттігі атап өтілді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Министрлік дерегінше, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда қылмыс деңгейі 9%-ға төмендеген. Құқықбұзушылықтар барлық негізгі санаттар бойынша азайып, сонымен қатар қылмыстарды ашу көрсеткіші артқан. Интернет-алаяқтық фактілері де қысқарып, бұл бағыттағы тиімділік жоғарылаған.
“Жалпы 3,6 млн-нан астам әкімшілік құқықбұзушылықтың жолы кесіліп, олардың ауыр қылмысқа ұласуының алдын алу мүмкін болды. «Таза Қазақстан» аясында 722 мыңнан астам құқықбұзушылық анықталып, 3 мыңнан астам заңсыз қоқыс орны жойылған”, – делінген ІІМ хабарламасында.
Жол қауіпсіздігі де назардан тыс қалмаған: 3 млн-нан астам ереже бұзу дерегі тоқтатылып, жол-көлік оқиғаларындағы адам шығынын азайтуға ықпал еткен.
Министрлік алдағы уақытта профилактикалық жұмысты күшейтіп, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект элементтерін кеңінен енгізуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар қылмыстарды ашу сапасын арттыру, азаматтардың құқықтарын қорғау және өтініштерге жедел жауап беру міндеттері қойылды.
Бұдан бөлек, мал ұрлығына қарсы күресті күшейту, көші-қон бақылауын жетілдіру және құқық қорғау жүйесінің әлеуетін арттыру бағытында нақты тапсырмалар берілді.