homepage
NASA/Билл Ингэллс

"Артемида-2" миссиясы сәтті аяқталды: Айдан оралған кеме Тынық мұхитына қонды

11.04.2026, 09:53

"Артемида-2" ай миссиясы сәтті аяқталып, америкалық Orion ғарыш кемесі Тынық мұхитына, Калифорния жағалауына жақын маңға қонды. Бұл туралы NASA мәлімдеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Ғарышкерлер 10 сәуірде (Астана уақытымен 11 сәуірдегі таңғы сағат 05:07-де) парашюттердің көмегімен Сан-Диего жағалауында суға сәтті қонған.

Кейін олар құтқару кемесіне жеткізіліп, медициналық тексеруден өтті.

Тарихи рекорд және Тоқаевтың құттықтауы

Миссия барысында NASA астронавттары Рид Вайсман, Кристина Кук, Виктор Гловер және канадалық ғарышкер Джереми Хансен Айды айналып ұшып, адамзат тарихындағы ең алыс қашықтыққа – 406 771 шақырымға жетті. Бұл 1972 жылдан бері адамдардың Жердің төменгі орбитасынан тыс алғаш рет шығуы болып отыр.

Осыған байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Президентіне құттықтау жеделхатын жолдады. Президент бұл сапарды адамзаттың кейінгі жарты ғасырдағы Айға жасаған алғашқы миссиясы ретінде атап өтіп, оның ғарышты игерудегі тарихи маңызын ерекше бағалады.

Сондай-ақ ол АҚШ-тың ғылыми жетістіктеріне жоғары баға беріп, бұл бастама ғалымдар мен инженерлердің жаңа буынына серпін беретінін жеткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев «Артемида» бағдарламасын жүзеге асыруда табыс тіледі.

Айға қайта оралу жоспары

АҚШ алдағы жылдары Айға ұшу миссияларын жалғастыруды көздеп отыр. NASA басшылығының мәлімдеуінше, басты мақсат – 2028 жылға қарай Айға адам қондырып, тұрақты база құру.

Еске сала кетейік, "Артемида-2" миссиясы 1 сәуір күні Флорида штатындағы Кеннеди ғарыш орталығынан ұшырылған болатын.

6 сәуірде Айды айналып өткен экипаж Жерге кері сапарға шыққан.