homepage
olympic.kz

Зарина Дияс кәсіби мансабын аяқтады

10.04.2026, 15:12

Қазақстандық танымал теннисші Зарина Дияс кәсіби спорттағы мансабын аяқтайтынын мәлімдеді. Бұл туралы спортшы әлеуметтік желідегі жеке парақшасында жазды,  деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Ол бүгіннен бастап кәсіби теннисші ретіндегі жолын тәмамдайтынын айтып, спорттағы өмір жолын ерекше естеліктермен еске алды. Спортшының айтуынша, Алматыдан шыққан кішкентай қыздың әлемдік ареналарда ойнау туралы бала арманы орындалған.

“Бұл Алматыдан шыққан кішкентай қыздың бала кезден армандаған жолы әлемдік ареналарда ойнау, турнирлерде жеңу және әлемнің үздіктерінің бірі болу арманы еді. Әлі күнге дейін бұл арманымның шындыққа айналғанына сене алмаймын… турнирлердегі жеңістер, әлемдік рейтингте топ-30 қатарына кіру және Олимпиада ойындарында Қазақстанды таныстыру мен үшін үлкен мәртебе болды. Бірақ мен үшін ең үлкен мақтаныш – Қазақстан құрамасы сапында ойнау. Кортқа өз елім үшін шығу. Әлемдік аренада ең әдемі тудың астында Қазақстанды таныстыру. Бұл әрдайым жүрегімде қалады.

Теннис маған көп нәрсе берді ол мені мықты болуға, берілмеуге және қандай жағдай болса да алға жүруге үйретті Қиын кезеңдер де болды… бірақ жеңістер, эмоциялар және сөзбен жеткізу мүмкін емес, ұмытылмас сәттер де болды. Маған қолдау көрсеткен барлық жандарға үлкен рақмет. Жанкүйерлеріме сіздер маған ерекше күш пен энергия бердіңіздер”, – деп жазды теннисші.

Сонымен қатар спортшы жанкүйерлеріне, отбасысына, жаттықтырушыларына және қолдау көрсеткен барлық жандарға алғыс білдірді. Ол өмірінде жаңа кезең басталатынын айтып, теннис әрдайым жүрегінде қалатынын жеткізді.

“Отбасыма, мені осы спортқа әкелгені үшін, сенімі мен махаббаты үшін, әрқашан алға жетелегені үшін Анама, бүкіл мансабымдағы қолдауы мен көмегі үшін сіңліме, менің жолыма қосқан үлесі үшін командамa, жаттықтырушыларыма, демеушілеріме және Қазақстан теннис федерациясына алғыс айтамын. Мен бұл жолды мақтанышпен, алғыс пен абыроймен, тенниске деген үлкен махаббатпен аяқтаймын… Теннис әрқашан менің бір бөлшегім болып қалады. Өмірімнің жаңа кезеңі басталады. Баршаңызды жақсы көремін”, – деп жазды спортшы.

Теги: