Астана қаласының Байқоңыр ауданында әріптестерін алдап, жалған қайғылы оқиғаларды сылтау етіп ақша жинаған әйел сотталды. Бұл туралы қала прокуратурасы мәлім етті, деп хабарлайды Juzmedia.kz
Тергеу мәліметінше, декреттік демалыста жүрген әйел бірге жұмыс істеген әріптестерін бір жыл бойы жүйелі түрде жаңылыстырып отырған. Ол анасының қайтыс болғаны, баласының ауыр хәлде жатқаны сияқты жалған ақпарат таратып, әріптестерінің жанашырлық сезімін пайдаланған.
“Әйелдің сөзіне сенген әріптестері оның отбасылық мәселелерін шешу және баласын емдету үшін қажет деп, бірнеше рет ақша аударып отырған. Соның салдарынан жәбірленушілерге 2 миллион теңгеден астам шығын келтірілген”, – длінегн прокуратура хабарламасында.
Сот әйелдің кінәсін мойындауын, өкінуін және келтірілген залалды ішінара өтегенін ескеріп, оған 3 жыл мерзімге пробациялық бақылау белгілеу арқылы бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады.
Үкім заңды күшіне енген.
Прокуратура азаматтарға материалдық көмек сұралған жағдайда сақ болуға және ақпараттың дұрыстығын алдын ала тексеруге кеңес береді.