homepage
Видеодан кадр

Америкалық туристердің шағымы: министрлік түсіндірмесі

09.04.2026, 17:14

Әлеуметтік желілерде америкалық саяхатшылар Қазақстанға сапары сәтсіз ұйымдастырылғанын айтып, видео жариялады. Олардың айтуынша, алдын ала келісімдер болғанына қарамастан, елге келгенде оларды ешкім қарсы алмаған, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Туристер сапарға бірнеше ай дайындалғанын және ресми қабылдау болады деп күткенін айтады. Алайда келген соң оларды ешкім қарсы алмаған. Тіпті шекарада олардың сапар мақсаты нақты сұралып, бұл жағдай қонақтардың түсінбеушілігін күшейткен.

Саяхатшылар көрші Қырғызстандағы қарсы алумен салыстырғанда айырмашылық айқын болғанын атап өтті. Олардың айтуынша, онда сапар жақсы ұйымдастырылған, ал Қазақстанда қонақтардың келетінін бәрі ұмытып кеткендей әсер қалдырған.

“Бұл жағдай біз үшін жағымсыз әсер қалдырды. Мұндай жайттар ел имиджіне кері әсер етеді. Егер билік туристерді көбірек тартқысы келсе, мұндай мәселелер болмауы тиіс еді”, — деді саяхатшылар.

Сондай-ақ олар көптеген шетелдіктер Қазақстанды әлі күнге дейін “Борат” фильмі арқылы білетінін айтып, елдің заманауи әрі ашық бейнесін көрсету маңызды екенін атап өтті.

Туризм министрлігінің түсіндірмесі

Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігі аталған ақпаратқа қатысты ресми мәлімдеме жасап, америкалық блогерлер арнайы шақырылды деген мәліметті жоққа шығарды.

Министрлік мәліметінше, шетелдік блогерлерді шақыру әдетте топтық ақпараттық турлар аясында жүргізіледі және жекелеген тұлғаларды жеке шақыру қарастырылмаған.

“Сонымен қатар блогерден министрлікке ешқандай ресми өтініш түспеген. Ал Kazakh Tourism ұлттық компаниясы блогермен алдын ала байланыс болғанын растады. Дегенмен екіжақты келіссөздер нақты келісімге келмей аяқталған", – делінген хабарламада.