homepage
Depositphotos.com

Кадрдың қадірі: Қазақстанда қай салада қызметкерлер жиі ауысады

09.04.2026, 16:36

Қазақстанда кадрлардың жұмыс орнын жиі ауыстыру көрсеткіші өсіп келеді. Өткен жылы кадр тұрақсыздығының деңгейі 22,7% жеткен, бұл соңғы жылдардағы ең жоғары көрсеткіш, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Қай салаларда кадр тұрақсыздығы жоғары?

Energyprom.kz зерттеуіне сүйенсек, ең жоғары көрсеткіш қызмет көрсету және сауда салаларында байқалған. Атап айтқанда:

  • көтерме және бөлшек сауда – 61,8%;
  • құрылыс – 55,3%;
  • қонақүй және қоғамдық тамақтану қызметі – 65,7%.

Ал,жылжымайтын мүлік операциялары саласында қызметкерлердің 95%-ы жұмыстан кеткен. Сондай-ақ жарнама және бөлшек сауда секторларында да көрсеткіш 74%-дан асқан.

Мамандардың айтуынша, кадр тұрақсыздығының негізгі себептері – жұмыс уақытының реттелмеуі, жоғары эмоционалдық жүктеме және төмен жалақы. Мысалы, риелторлардың жалақысы елдегі орташа деңгейден шамамен 44%-ға төмен болған.

Қай жерде кадрлар тұрақты жұмыс істейді?

Кадрлар жалақысы жоғары салаларда тұрақты жұмыс істеп жатыр. Мәселен, құбыр көлігі қызметін қамтамасыз ететін кәсіпорындарда орташа жалақы 1,3 млн теңгені құрап, кадр ауысуы небәрі 2,4% болған.

Сонымен қатар білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік салада да қызметкерлердің жұмыстан кетуі төмен деңгейде. Бұған мамандықтың арнайы бағытқа бөлінуі, басқа жұмыс орындарының аздығы және тұрақтылық әсер етеді.

Өңірлер бойынша кадр тұрақсыздығының ең жоғары көрсеткіші Алматы (37,9%) мен Астанада (28,1%) тіркелген. Сарапшылар мұны еңбек нарығындағы жоғары бәсекемен және жаңа жұмыс табу мүмкіндігінің көптігімен байланыстырады.

Ал ең төмен көрсеткіштер Түркістан облысы (9,2%) мен Қызылорда облысында (10,6%) байқалған.

Жалпы сарапшылар пікірінше, еңбек нарығындағы тұрақсыздыққа жалақы деңгейі ғана емес, жұмыс жағдайы, әлеуметтік пакет пен мансаппен көтерілу мүмкіндігі де әсер етеді.