Қазақстандық боксшылар Надежда Рябец пен Дина Исламбекова Моңғолия астанасы Ұлан-Батырда өткен әйелдер арасындағы Азия чемпионатында алтын жүлде жеңіп алды. Жеңімпаздарды Мемлекет басшысы құттықтады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Спортты дамыту дирекциясының хабарлауынша, 80 келіге дейінгі салмақта финалда өнер көрсеткен Надежда Рябец өзбекстандық Рухшона Парпиевамен кездесіп, 5:0 есебімен айқын басым түсті. Бұл – спортшының ересектер санатындағы Азия чемпионатындағы алғашқы алтыны.
Ал аса ауыр салмақта (+80 кг) сынға түскен Дина Исламбекова финалда үндістандық Альфия Тараннум Хан Патанды 5:0 есебімен жеңіп, чемпион атанды.
Осылайша, Қазақстан әйелдер құрамасы құрлық біріншілігін 2 алтын, 1 күміс және 2 қола жүлдемен аяқтады. Күміс медальді Бақыт Сейдіш иеленсе, қола жүлде Айгерім Сәттібаева мен Валентина Хальзоваға бұйырды.
Қазақстан боксшыларының жеңісіне байланысты Қасым-Жомарт Тоқаев спортшыларды құттықтап, олардың шеберлігі мен жеңіске деген жігері жанкүйерлерді тәнті еткенін атап өтті.
“Президент ұлттық құрама мүшелеріне алдағы әлем чемпионаттары мен Лос-Анджелес Олимпиадасында биіктен көрінуіне тілектестік білдірді”, – делінген Ақорда хабарламасында.