ҚР Ұлттық экономика министрлігі 2026 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша елдегі әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің саны 1 577-ге жеткенін хабарлады. Осы кезеңде тізілімге тағы 146 жаңа кәсіпорын енгізілген, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Салыстырмалы түрде алғанда, 2025 жылдың соңында Қазақстанда 1 431 әлеуметтік кәсіпкер жұмыс істеген. Бұл сектордың тұрақты өсіп келе жатқанын көрсетеді.
“Тізілімге енгізілген кәсіпкерлер мемлекеттік қолдау шараларын алуға мүмкіндік алады. Олардың қатарында пайыздық мөлшерлемені субсидиялау, кредитке кепілдік беру, сондай-ақ мемлекеттік гранттар қарастырылған”, – дейді ведомство өкілдері.
Айта кетсек, әлеуметтік кәсіпкерлік ұғымы Қазақстан заңнамасында 2021 жылы бекітілген. Бұл санатқа әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған бизнес түрлері кіреді.
Мәселен, мүмкіндігі шектеулі азаматтар құрған кәсіпорындар немесе халықтың әлеуметтік осал топтарына жұмыс орындарын ұсынатын ұйымдар әлеуметтік кәсіпкерлікке жатады.
Әлеуметтік кәсіпкерлердің тізімі орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың бірлескен жұмысы арқылы қалыптастырылады. Өтінімдерді арнайы комиссиялар қарап, талапқа сай кәсіпкерлерді ресми тізімге енгізу жөнінде ұсыныс береді.