homepage
Depositphotos.com

«Кемі 200 мың теңге»: алматылық мектеп бітіру кешінің бағасына шағымданды

09.04.2026, 14:23

Алматыда түлектерлің мектеп бітіру кешіне қатысты мәселе тағы көтерілді. Қалалық орта мектептердің бірінің 11-сынып оқушысының анасы әлеуметтік желіде Президентке видеоүндеу жолдап, ата-аналардан жиналатын шығынның тым жоғары екеніне шағымданды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

«Біздің мектебімізде әр балаға 200 мың теңгеден бастап ақша жиналып жатыр. Бұл қарапайым орта мектеп үшін өте үлкен сома. Барлық отбасы ондай қаржыны қалтасынан суырып бере бермейді. Сонымен қатар жинақталған қаражаттың есеп-қисабы да толық ашық емес. Көптеген шығынның балаларға қажетсіз екені анық», - дейді ата-ана.

Әйел өз есебіне сүйене отырып, арзан әрі тиімді балама сценарий ұсынғанын, алайда мектеп тарапынан қолдау таппағанын айтады.

Ол қазіргі кезде мемлекеттік органдардың назарын аударуды қалайды. Оның пікірінше, мектеп бітіру кеші ата-аналар үшін қаржылай сынаққа айналмауы тиіс.

Аталған жайтқа қатысты ресми органдар тарапынан әзірге пікір немесе нақты бір шешім айтылған жоқ.