Қазақстанда ұстаздардың пәндік білімін бағалау (тест тапсыру) жүйесіне түбегейлі өзгерістер енгізілді. Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен мұғалімдердің наразылығын тудырып келген бірқатар сынақтардың күші жойылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Тестілеуді енді кімдер тапсырады?
Министрдің айтуынша, бұрыннан қызметте жүрген, тәжірибелі педагогтер енді біліктілік тестін тапсырудан толық босатылады. Бұл уақытша шара емес, жүйелі түрде қабылданған шешім.
«Бұл уақытша тоқтату емес. Енді педагогикалық қоғамдастықта жұмыс істеп жүрген мұғалімдер біліктілік тестін тапсырмайды. Бұл сынақты біз алып тастадық», — деді министр.
Ол тестті тек мамандыққа жаңадан келетіндер тапсыратынын мәлімдеді.
«Педагогикалық қоғамдастыққа алғаш қадам басып жатқан университет түлектері тапсырады. Өйткені олар мамандыққа енді ғана келеді. Олардың білім деңгейін білуіміз қажет», — деді Сүлейменова.
Сондай-ақ жас ұстаздар екі жылдан кейін аттестация барысында қайта тест тапсырады.
«Жас ұстаздар екі жылдан кейін педагог-модератор деңгейіне өткен кезде тест тапсырады. Ал қалған санаттағы мұғалімдер біліктілік тестін тапсырмайды», - деді Жұлдыз Сүлейменова.
Цифрлық портфолио және авторлық бағдарламадан бас тарту
Мұғалімдердің жұмысын жеңілдету мақсатында аттестация процесі толықтай цифрландырылады. Енді ұстаздарға қағаз жүзінде құжат жинап, қол қойдырудың қажеті жоқ.
«Портфолио енді электронды форматқа көшеді. Барлық процесс “Ұстаз” платформасы арқылы жүргізіледі. Бұл мұғалімдерді артық қағазбастылықтан құтқарады», - деді Жұлдыз Сүлейменова.
Тағы бір маңызды жаңалық - мұғалімдерден авторлық бағдарламаларды талап ету тоқтатылды. Министр бұл құжатты дайындау мен ұсынудың енді қажеті жоқ екенін қадап айтты.
Мемлекеттік қолдау мен сенім
Мұғалімдердің білімін бағалау жүйесі жыл сайын педагогикалық қоғамдастықта үлкен пікірталас тудырып келген еді. Министрдің айтуынша, бұл сынақтардың алынып тасталуы - Мемлекет басшысының ұстаздар қауымына деген зор сенімі мен жанашырлығының көрінісі.
Тиісті ресми хаттар еліміздің барлық білім басқармаларына жолданды. Осылайша, ұстаздарды аттестаттаудың ескі форматы тарих қойнауына кетіп, мұғалімнің мәртебесін нығайтуға бағытталған жаңа кезең басталды.