homepage
Depositphotos.com

Жалақысы жоғары мамандықтар қандай?

09.04.2026, 11:46

2026 жылдың наурыз айында Enbek.kz электрондық еңбек биржасында жұмыс берушілер 102,6 мың бос жұмыс орнын жарияласа, жұмыс іздеушілер 107,1 мың түйіндеме орналастырған. Жыл басынан бері платформада 304,3 мың бос жұмыс орны мен 394,4 мың түйіндеме тіркелген, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Ақпан айымен салыстырғанда бос жұмыс орындары 3,7%-ға артқан, ал түйіндемелер саны 14,3%-ға азайған. Соның нәтижесінде еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсыныс арасындағы айырмашылық айтарлықтай қысқарған.

Қандай мамандықтарға сұраныс жоғары?

Салалар бойынша ең көп бос жұмыс орындары білім беру саласында тіркелген – 22,6 мың.

Одан кейін қызмет көрсету бағыты (21,2 мың) және денсаулық сақтау мен әлеуметтік қызмет көрсету салалары (8,7 мың) көш бастап тұр.

Сонымен қатар ауыл, орман және балық шаруашылығы саласында да сұраныс жоғары болып отыр (7,9 мың).

Өңірлер бойынша бос жұмыс орындарының басым бөлігі Түркістан және Қарағанды облыстарында, сондай-ақ Астана қаласында, Павлодар мен Атырау облыстарында тіркелген.

Біліктілік деңгейіне келсек, жұмыс берушілердің 40%-ы орта деңгейдегі мамандарды іздейді. Төмен білікті кадрларға сұраныс – 31%, ал жоғары білікті мамандарға қажеттілік 29% деңгейінде қалыптасқан.

Сондай-ақ жұмыс іздеушілердің ішінде:

  • 35 жасқа дейінгі үміткерлер үлесі басым – 42%;
  • 35-44 жас аралығындағы азаматтар 26%-ды;
  • 45-54 жас аралығындағылар 20%-ды;
  • ал 55 жастан асқандар 12%-ды құрайды.

Гендерлік бөліністе: 54% – әйелдер, 46% – ерлер.

Қай мамандықтарға жоғары жалақы ұсынылады?

Наурыз айында ең жоғары жалақы ұсынылған қызметтер қатарында:

  • заң жұмысы жөніндегі бөлім басшысының орынбасары – шамамен 1,4 млн теңге;
  • бағдарламалық қамтамасыз ету архитекторы – шамамен 1,38 млн теңге;
  • өндіруші өнеркәсіптегі өндіріс басшысы – шамамен 1,14 млн теңге.

Ал жұмыс іздеушілердің жалақы күтімі бойынша ең жоғары көрсеткіштер:

  • HR бизнес-серіктесі – шамамен 4,2 млн теңге;
  • каротажшы – шамамен 3 млн теңге;
  • өнеркәсіп саласындағы зертхана басшысы – шамамен 2,5 млн теңге.

Жалпы алғанда, еңбек нарығында орта білікті мамандарға сұраныс жоғары сақталып отыр, ал жоғары жалақы көбіне басқарушы және жоғары технологиялық бағыттағы қызметтерге ұсынылған.