Ливанда Израиль соққылары салдарынан қаза тапқандар саны 254 адамға жетті, тағы 1165 адам жарақат алған. Бұл шабуылдар АҚШ пен Иран арасындағы уақытша бітім келісімінен кейін жасалған, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Al Jazeera таратқан мәліметке сәйкес, бұған дейін 112 адамның қаза тауып, 837 адамның жараланғаны хабарланған еді. Кейін көрсеткіш айтарлықтай өскен.
Ракан Насреддин елде «қауіпті шиеленіс» орнағанын айтып, Израиль бүкіл ел аумағына 100-ден астам әуе соққысын жасағанын мәлімдеді.
Оның айтуынша, жедел жәрдем көліктері жараланғандарды ауруханаларға жеткізуді жалғастырып жатыр, ал денсаулық сақтау жүйесіне халықаралық көмек қажет.
Еске салайық, 8 сәуірге қараған түні Иран, АҚШ және олардың одақтастары екі аптаға атысты тоқтату туралы келісімге келген болатын. Иран осы кезеңде Ормуз бұғазы арқылы қауіпсіз кеме қатынасын қамтамасыз ететінін мәлімдеген.
Алайда Израиль бұл бітім Ливан аумағына қатысты емес екенін айтып, елге әуе соққыларын жасаған. Кейін Иран парламентінің спикері Мохаммад-Багер Галибаф Ливанда атысты тоқтату келісімнің негізгі шарттарының бірі болғанын мәлімдеді.
Осы жағдайға байланысты Ливан билігі 9 сәуірді Ұлттық аза тұту күні деп жариялады. Тиісті шешімге ел премьер-министрі Наваф Салам қол қойған.
Ұлттық аза тұту күні Израиль соққылары салдарынан қаза тапқандарды еске алуға арналды.