Қостанай қаласында мемлекеттік субсидияларды заңсыз алып, қылмыстық жолмен табылған кірістерді заңдастырды деп айыпталған топқа қатысты сот үкімі шығарылды. Істі ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің облыстық департаменті тергеген, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Тергеу мәліметінше, “Beef Export Group” ЖШС басшысы Александр Пархоменко жетекшілік еткен топ ауыл шаруашылығы саласындағы мемлекеттік субсидияларды заңсыз алу схемасын ұйымдастырған. Оған бірқатар лауазымды тұлғалар мен ауыл шаруашылығы саласының өкілдері қатысқан.
Күдіктілер ірі қара мал сатып алу және өңдеу туралы жалған құжаттар рәсімдеп, агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға бөлінген субсидияларды жүйелі түрде алып отырған.
Қаражат жеткізілген мал үшін төленгендей жалған көрсетіліп, кейін қолма-қол ақшаға айналдырылған. Одан соң бұл қаражат бақылаудағы ұйымдардың есепшоттарына қайта аударылып отырған.
“Тергеу барысында жалған бухгалтерлік құжаттар да жасалғаны анықталған. Осы құжаттардың негізінде субсидия алу үшін қайта-қайта өтінім беріліп отырған. Нәтижесінде мемлекетке 3 млрд теңгеден астам залал келтірілген. Күдіктілер тергеу кезінде 107 млн теңгеден астам қаражатты ерікті түрде өтеген”, – делінген ҚМА хабарламасында.
Сот шешімімен топты ұйымдастырды деп танылған Пархоменко 14 жылға бас бостандығынан айырылды. Қылмыстық топтың тағы 14 мүшесіне 6 жылдан 10 жылға дейін жаза тағайындалды.
Сонымен қатар жалпы құны 3 млрд теңгеге жуық мүлік тәркіленді. Оның ішінде 1,3 млн АҚШ доллары мен 700 млн теңге бар. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.