Астана қаласының прокуратурасы қалалық емханалардың бірінде бюджет қаражатын жымқыру схемасын әшкерелегенін мәлімдеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Тексеру барысында медициналық ұйымның бұрынғы басшылығы ұзақ уақыт бойы азаматтарды емдеуге бөлінген қаржыны заңсыз шығару жолын ұйымдастырғаны анықталған.
Қаражат жақын туыстары мен үлестес тұлғалардың есепшоттарына аударылып, заңды қаржылық операциялар ретінде көрсетілген.
“Тергеу деректеріне сәйкес, жымқырылған ақшаның бір бөлігі қымбат тұрмыстық техника сатып алуға, сондай-ақ Италияға туристік сапарларға жұмсалған.
Алдын ала есеп бойынша мемлекетке келтірілген залал 675 млн теңгеден асқан”, – делінген ведомство хабарламасында.
Аталған дерекке байланысты аса ірі мөлшерде жымқыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Қазіргі уақытта қылмыстық іс аясында арнайы прокурорлар тергеу әрекеттерін жүргізіп жатыр.