homepage
Видеодан кадр

Радикалды діни ағымдарға заңмен тыйым салу қажет - депутат

08.04.2026, 16:48

Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса Бас прокурор Берік Асылов пен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаев атына депутаттық сауал жолдап, радикалды діни ағымдарға заңмен шектеу қоюды ұсынды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Депутат бұл мәселе үш жыл бұрын да көтерілгенімен, нақты нәтиже байқалмай отырғанын, ал қоғамда ұлттық құндылықтарға қарсы әрекеттер көбейіп бара жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, әлеуметтік желілерде ұлттық дәстүрлер мен дінге қарсы пікірлер жиілеп, қоғам тұтастығына қауіп төндіруі мүмкін.

«Наурызға, ұлттық дәстүрімізге қарсылық – ұлтқа, мемлекетке ашық шабуыл. Мұндай әрекеттерге қол қусырып қарап отыруға болмайды», – деді ол.

Ниқаб, радикал уағыз және әлеуметтік желідегі ықпал

Депутат соңғы уақытта болып жатқан кейбір жағдайды мысалға келтіріп, діни радикализм белгілеріне алаңдаушылық білдірді. Оның пікірінше, қоғамдық орындарда бет-жүзді бүркемелеу, біліксіз адамдардың діни уағыз айтуы қоғамға кері әсерін тигізуі мүмкін.

«Ұлтты ұйыстыратын уағыздың орнына іріткі салатындардың көбейіп бара жатқаны алаңдатады. Уағызды кім көрінгеннің айту қашан тоқтайды?» – деді Қазыбек Иса.

Сондай-ақ ол әлеуметтік желілерде дәстүрлі діни ұстанымдарға қарсы үгіт-насихат жүргізіліп жатқанын айтып, мұндай әрекеттер жастарға теріс ықпал етуі мүмкін екенін жеткізді.

«Бұл – ұлттық қауіпсіздік мәселесі»

Депутат радикалды діни ағымдарға заңмен тыйым салу ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай ұйымдар қоғам тұрақтылығына қауіп төндіріп, әлеуметтік қақтығыстарға әкелуі мүмкін.

«Радикалды діни ағымдарға заңмен тыйым салу – бостандықты шектеу емес, қауіптің алдын алу. Бұл дінге қарсы емес, керісінше қоғамды қорғау шарасы», – деді ол.

Сауал авторы мемлекеттік органдарды діни экстремизм мен радикализмге қарсы нақты заңнамалық шараларды күшейтуге шақырды.