Абай облысының Ақсуат ауданында жоғалып кеткен 3 жастағы бала бірнеше сағаттан кейін аман-есен табылды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Облыстық полиция департаментінің дерегінше, оқиға 8 сәуір күні болған. Таңертең баланың үй ауласынан шығып кеткенін ешкім байқамай қалған.
Туыстары бастапқыда сәбиді өздері іздеп, артынша шамамен сағат 11:00-де полицияға хабар берген. Осыдан кейін іздеуге құқық қорғау органдары мен жергілікті тұрғындар жұмылдырылды.
Полицейлер аумақты жіті тексеріп, далалық жерлерді аралаған. Бірнеше сағат өткен соң атпен іздеу жүргізген полиция қызметкері елдімекеннен алыс жерде жалғыз жүрген баланы байқап қалған. Баланы шошытып алмас үшін полицей оған жайлап жақындап келіп, «Келе ғой, айналайын…» деп шақырған.
“Сағат 14:00 шамасында бүлдіршін елдімекеннен шамамен 3 шақырым қашықтықта табылды. Баланың өмірі мен денсаулығына қауіп жоқ”, – делінген ПД хабарламасында.
Полицейлердің жедел әрекеті мен үйлесімді іздеуінің нәтижесінде қайғылы жағдайға жол берілген жоқ.