homepage
Depositphotos.com

Әйелдердің зейнет жасы қашан ұзарады?

08.04.2026, 15:31

Қазақстанда әйелдердің зейнет жасын кезең-кезеңімен 63 жасқа дейін көтеру жоспары мораторий аяқталғаннан кейін қайта жалғасады. Бұл туралы Мәжіліс кулуарында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегай мәлімдеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Оның айтуынша, зейнет жасын арттыру туралы шешім бұған дейін қабылданған және қолданыстағы заңнамаға сәйкес жүзеге асырылады.

Қазіргі уақытта бұл норма уақытша тоқтатылып, 2031 жылға дейін мораторий жарияланған. Алайда кейін әйелдердің зейнет жасы ерлермен теңестіріліп, 63 жасқа дейін өседі.

«Зейнет жасын кезең-кезеңімен арттыру қарастырылған, бірақ бұл норма 2031 жылға дейін уақытша тоқтатылды. Кейін заңнама аясында әйелдердің зейнет жасы 63 жасқа дейін жеткізіледі», – деді вице-министр.

Жұмысқа орналасу мәселесі қалай шешілмек?

Бұл бастама қоғамда түрлі пікір туғызуда. Әсіресе, 53-55 жас аралығындағы әйелдердің жұмыс табуда қиындықтарға жиі тап болатыны айтылып жүр. Жұмыс берушілердің жасы үлкен қызметкерлерді қабылдауға құлықсыз екені де мәселені күрделендіре түседі. 

Министрлік өкілдері бұл жағдайды ескере отырып, аға буын өкілдерін қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар іске асырылып жатқанын атап өтті. Солардың бірі – «Күміс жас» жобасы.

«Жұмыс берушілер егде жастағы қызметкерлерді жұмысқа қабылдауы үшін олардың жалақысының бір бөлігі субсидияланады», – деді Виктория Шегай.

Қайта даярлау және қолдау шаралары қандай?

Вице-министрдің айтуынша, сондай-ақ еңбек нарығында бәсекеге қабілеттілікті арттыру үшін қайта даярлау, біліктілікті көтеру бағдарламалары ұсынылып жатыр. Бұл шаралар егде жастағы азаматтардың жұмыспен қамтылуын қолдауға бағытталған.

Айта кетсек, Қазақстан 1998 жылдан бері жинақтаушы зейнетақы жүйесіне көшкен. Сондықтан болашақ зейнетақы көлемі еңбек өтіліне және жүйеге қатысу ұзақтығына байланысты. Осы тұрғыдан алғанда еңбек ету кезеңінің ұзаруы төлемдердің де артуына мүмкіндік береді.

Сонымен қатар ведомство өкілі ерлер мен әйелдердің зейнетақы мөлшерін теңестіру мәселесі де қарастырылып жатқанын атап өтті. Ал мораторий мерзімін ұзарту әзірге күн тәртібінде жоқ.