homepage
Depositphotos.com

Бұралқы иттерді аулау тәртібі өзгермек

08.04.2026, 14:56

Мәжіліс депутаттары «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңға енгізілетін түзетулерді талқылауға кірісті. Басты жаңалық – бұралқы иттерді аулап, қайтадан көшеге жіберу тәжірибесінен бас тарту, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин қазіргі жүйенің тиімсіздігін айтады. Оның дерегінше, елдегі қаңғыбас жануарлар саны азаюдың орнына, керісінше көбейіп келеді.

“Итті “бала үшін”, “күзетке”, “саяжайға”, “аулаға” алады. Ал кейін көшеге тастайды, қараусыз бос жібереді, есепке қоймайды, сәйкестендірмейді. Ал қайғылы жағдай туындағанда “Бұл менің итім емес” дейді”, - деп кейіді Жаңбыршин.

Ресми статистикаға сүйенсек, соңғы бір жылда 41 мыңнан астам адамды бұралқы ит қапқан, оның 23 мыңнан астамы дәл сондай иттердің шабуылынан зардап шеккен.

Қайтарымды аулау жүйесі неге сәтсіз болды?

Қолданыстағы «аулау – стерилизациялау – вакцинациялау – жіберу» моделі күткен нәтижені бермегені айтылды.

Депутаттардың пікірінше, стерилизацияланған иттер бәрібір агрессия танытып, адамдардың қауіпсіздігіне қатер төндіруін қояр емес. Мәселен, 2022 жылы елде 240 мың жануар ауланса, 2024 жылдың басында бұл көрсеткіш 276 мыңға жеткен.

Бұл мәселеде халықаралық тәжірибе, атап айтқанда Түркияның мысалы қаралды. Түркияда 20 жыл бойы қолданылған қайтарымды аулау моделі қаңғыбас иттердің санын 4 млн-ға дейін жеткізіп, биыл бұл ел аталған тәсілден ресми түрде бас тартқан болатын.

Жаңа түзетулер бойынша қандай шаралар қолданылмақ?

Жаңа заң жобасында қауіпсіздікті қамтамасыз етудің келесідей тетіктері ұсынылып отыр:

  • Қайтарымсыз аулауға көшу: Жануарлар көшеге қайта жіберілмейді.

  • Уақытша ұстау пункттері: Ауланған жануарлар міндетті түрде арнайы мекемелерге орналастырылады.

  • Эвтаназия қолдану: Жануарларды ұстаудың нақты мерзімдері белгіленбек. Қаңғыбас жануарлар үшін кемінде 5 күн, ал иесі болуы мүмкін үй жануарлары үшін 60 күн берілмек. Осы уақыт ішінде жаңа ие табылмаса, жануарды ұйықтату (эвтаназия) шарасы қарастырылады.

  • Жауапкершілік: Үй жануарларын міндетті түрде чиптеу және олардың иелеріне қойылатын талаптарды қатаңдату.

Депутаттар бұл өзгерістердің басты мақсаты, ең алдымен, адамдардың қауіпсіздігін қорғау екенін атап өтті. Дегенмен жануарларды қорғаушылар мен зооеріктілер бұл шаралардың жаппай қыруға әкелуі мүмкін екеніне алаңдаушылық білдіреді.