homepage
Depositphotos.com

Жалған психологтар мен коучтар қызметіне тосқауыл: Мәжіліс жаңа заңды талқылады

08.04.2026, 14:11

Мәжіліс депутаттары «Психологиялық қызмет туралы» заң жобасын талқылау барысында арнайы білімі жоқ коучтарды, тұлғалық өсу тренерін және психологпын деп өзін таныстыратын блогерлерді қатаң сынға алды. Енді елімізде психологиялық көмек көрсету саласы заңмен реттеліп, жалған мамандардың қызметіне шектеу қойылмақ, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Кімнің кеңес беруге құқығы бар?

Заң жобасының негізгі мақсаты – нарықтағы кәсіби психологтар мен жай ғана коучтардың аражігін ажырату. Депутат Айна Мысырәлімованың айтуынша, бұдан былай «психолог» мәртебесіне тек мына талаптарға сай тұлғалар ие болады:

  • Тиісті кәсіби білімінің болуы;
  • Біліктілігін растаудан өтуі;
  • Мемлекеттік психологтар тізіліміне (реестріне) енуі.

Осы тізілімге енбеген тұлғалардың өзін психолог ретінде таныстыруына немесе сондай әсер қалдыратын терминдерді қолдануына тыйым салынады.

«Біліктілік талаптарына сай келетін, өз құзыреттілігін растаудан өткен және психологтардың мемлекеттік тізіліміне енген тұлға ғана психолог деп танылады. Басқа тұлғалардың бұл кәсіби мәртебені пайдалануға құқығы жоқ», - деп қадап айтты депутат.

Ал депутат Никита Шаталов атап өткендей, қазіргі таңда блогерлер мен коучтар кәсіби білімі болмаса да, азаматтардың психоэмоционалдық күйіне әсер етіп, оларды адастырып келеді.

Жалған мамандарға қандай жаза қолданылмақ?

Жаңа заң аясында психологиялық көмек көрсету ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік айыппұлдар енгізілмек. Айыппұл көлемі заң жобасын екінші оқылымға дайындау барысында нақтыланады.

Ал егер мұндай «мамандардың» әрекетінен адам денсаулығына зиян келсе немесе алаяқтық белгілері анықталса, іс Қылмыстық кодекс аясында қаралады. Оның ішінде:

  • денсаулыққа зиян келтірген жағдайда, зиянның ауырлығына байланысты түзеу жұмыстарынан бастап, бас бостандығынан айыруға дейін жазаланады;
  • ал егер блогерлер жалған ақпаратпен пайда тапса, ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы қолданылады.

Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақовтың айтуынша, қазақстандықтар әлеуметтік желіде білімі немесе тіркеуі жоқ психологтардың үстінен Мәдениет және ақпарат министрлігіне шағым түсіре алады. Министрлік мұндай жарнамалар мен ақпараттық кеңістікке тұрақты мониторинг жүргізбек.

Диплом мен сертификат көрсету міндеттеледі

Билік өкілдері тек жазалаумен шектелмей, нарықты жүйелі реттеуді көздеп отыр. Жаңа түзетулерге сәйкес, кез келген сала бойынша онлайн немесе офлайн қызмет ұсынатын тұлғалар клиенттің талабы бойынша өз біліктілігін растайтын диплом немесе сертификатты көрсетуге міндетті болады.

Бұл заң қабылданған соң, әлеуметтік желілердегі «күмәнді» кеңестер мен онлайн-курстардың саны азайып, азаматтардың психологиялық қауіпсіздігі артады деп болжанып отыр.

Еске сала кетейік, заң жобасы 2025 жылдың ақпанынан бері талқылануда және қазіргі уақытта бірінші оқылымда мақұлданды.