homepage
gov.kz

Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің төрағасы қызметінен шеттетілді

08.04.2026, 11:37

Ішкі істер министрлігі қызметтік тексеріс жүргізілуіне байланысты Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің төрағасы Данияр Мейрхан уақытша қызметінен шеттетілгенін хабарлады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Ведомствоның мәліметінше, бірқатар қызметкердің өтініші заң талаптарына сай тіркелген. Осыған байланысты тексеріс аяқталғанға дейін аталған тұлға қызметтік міндеттерін атқарудан босатылды.

Алдын ала деректерге сәйкес, әлеуметтік желілерде Данияр Мейрханға қатысты қылмыстық іс қозғалуы мүмкін екені туралы ақпарат тараған. Сондай-ақ шамамен 20-ға жуық бағынышты қызметкердің ұжымдық шағымы бар екені айтылуда.

Қазіргі уақытта барлық мән-жайды анықтауға бағытталған тексеріс жүргізіліп жатыр.

Данияр Мейрхан туралы не белгілі

Данияр Мейрхан – полиция полковнигі. Ол әр жылдары құқық қорғау органдарында басшылық қызметтер атқарған. 2012-2022 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінде жұмыс істеп, бөлім басшысынан басқарма жетекшісіне дейінгі қызметтік жолдан өтті.

2023-2024 жылдары ІІМ Қостанай академиясында басшылық лауазымдарда еңбек етіп, оқу орны басшысының орынбасары болды. 

2024 жылдың қыркүйегінде Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары болып тағайындалды. Сол жылдың желтоқсанынан бастап комитет басшысының міндетін атқарды.

Ал 2025 жылдың қыркүйегінде ресми түрде ведомство төрағасы қызметіне бекітілді.