homepage
Қоғамдық коммуникация орталығы

Ақтауда қазақ күресінен жасөспірімдер арасында ел чемпионаты басталды

08.04.2026, 12:14

Ақтауда қазақ күресінен 2009-2010 жылдары туған жасөспірімдер арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты басталды. Ауқымды спорттық додаға еліміздің 17 облысы мен үш қаласынан 750-ге жуық спортшы жиналды, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.

Салтанатты ашылу рәсіміне Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Аббат Өрісбаев, Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақов, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қанат Мангубаев, сондай-ақ спорт саласының өкілдері қатысты.

Чемпионатты ҚР Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті, Qazaq kuresi Ассоциациясы, Маңғыстау облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы және Қазақ күресі және дзюдо бойынша Маңғыстау облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі бірлесіп ұйымдастырды.

Жиын барысында Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Аббат Өрісбаев қатысушыларға сәттілік тілеп, ұлттық спорттың маңызына ерекше тоқталды.

- Қазақ күресі – халқымыздың рухани болмысы мен ұлттық кодын айқындайтын асыл мұра. Бүгінгі жас балуандар – ертең ел намысын қорғайтын чемпиондар. Осындай жарыстар арқылы біз тек мықты спортшыларды ғана емес, елін сүйетін, рухы биік жастарды тәрбиелейміз. Баршаңызға әділ бәсеке мен жарқын жеңіс тілеймін, – деді Аббат Өрісбаев.

Іс-шара барысында Маңғыстау облысы қазақ күресі федерациясының атқарушы директоры Қайрат Бурбасов жарыстың маңыздылығына тоқталып, жеңімпаздарға үлкен мүмкіндік берілетінін атап өтті.

- Бұл чемпионат – жасөспірімдер үшін маңызды іріктеу кезеңдерінің бірі. Бүгінгі белдесулерде үздік нәтиже көрсеткен балуандар ұлттық құрама сапына шақырту алуға мүмкіндік алады. Жарыс 18 салмақ дәрежесі бойынша өтеді. Төрелікке 50 тәжірибелі төреші тартылып, жеңімпаздар мен жүлдегерлерге 72 медаль табысталады, – деді Қайрат Бурбасов.