«Наурыз» ипотекалық бағдарламасы бойынша іріктеу нәтижесі жарияланды. 26 822 өтінімнің ішінен негізгі тізімге 16 мың қатысушы енді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Енді олар үшін келесі кезең - төлем қабілеттілігін бағалау. Бұл рәсім 6 сәуір мен 12 мамыр аралығында өтеді. Осы уақытта банк үміткердің ипотеканы өтеу мүмкіндігін тексереді.
Қандай табыс есепке алынады?
Бағалау кезінде тек ресми табыс ескеріледі. Яғни соңғы алты айдағы зейнетақы аударымдарымен расталған кіріс қана есепке алынады. Қолма-қол алынған, бірақ зейнетақы жарнасы төленбеген табыс назарға алынбайды.
Нақты табыс мөлшеріне қойылатын шектеу жоқ. Дегенмен банк отбасының жалпы қаржылық жағдайын кешенді түрде бағалайды.
Бұл ретте отбасының кірісі, жұмыс істейтіндер саны, балалар мен асырауындағы адамдар, сондай-ақ қолданыстағы несиелер ескеріледі.
Әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақылар табыс ретінде есептелмейді.
Несие мен құжаттарға қатысты талаптар
Қолданыстағы несиелер төлем қабілетін бағалауға тікелей әсер етеді. Банк кредит тарихын және отбасының жалпы қаржылық жүктемесін қарайды.
Несие жұбайының атында болса да, ол есепке алынады. Жалпы, ерлі-зайыптылардың табысы мен міндеттемелері бірге қарастырылады.
Қосымша құжат тапсыру талап етілмейді. Барлық тексеріс мемлекеттік деректер базасы арқылы жүргізіледі. Бағалаудан банк бөлімшесінде немесе менеджермен бейнеқоңырау арқылы онлайн өтуге болады.
Бағдарлама шарттарына сәйкес, бастапқы кезеңде төлем мөлшері жоғары болуы мүмкін. Кейін қатысушы тұрғын үй несиесіне ауысқанда ай сайынғы төлем біртіндеп азаяды.