homepage
Depositphotos.com

Қазақстанда бюджет кірісі артты: инфляция баяулай бастады

08.04.2026, 09:48

2026 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджеттің кірісі өсіп, инфляция қарқыны төмендегені байқалды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Сарапшылардың айтуынша, ҚҚС мөлшерлемесінің өзгеруінен болған қысқамерзімді баға өсімін экономика 2025 жылдың соңында – 2026 жылдың басында сіңіріп, қазір инфляцияға қысым әлсіреген.

Жедел деректерге сәйкес, бірінші тоқсанда мемлекеттік бюджеттің кірісі (трансферттерсіз) 104,4%-ға орындалды. Жоспарланған 6,17 трлн теңгенің орнына бюджетке 6,44 трлн теңге түсті. Асыра орындалған сома – 268,7 млрд теңге. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда кіріс 930,6 млрд теңгеге немесе 16,9%-ға артқан.

Салық түсімдері өсімнің негізгі көзі болды

Республикалық бюджеттің кірісі 101,8%-ға орындалып, 4,16 трлн теңгені құраған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 26,1%-ға жоғары.

Өсім негізінен әлемдік нарықта экспорттық тауар бағасының қымбаттауы, тауарлар мен қызметтерді өткізу көлемінің ұлғаюы және салықтық-кедендік әкімшілендірудің жақсаруымен байланысты.

Салық түсімдері жоспардан асып, 4,07 трлн теңгеге жетті. Өткен жылмен салыстырғанда өсім 31,5% болды. Негізгі өсім корпоративтік табыс салығы, импортқа салынатын ҚҚС және пайдалы қазбаларды өндіру салығы есебінен қамтамасыз етілді.

Жергілікті бюджеттердің кірісі де 109,3%-ға орындалып, 2,28 трлн теңгені құрады. Сонымен қатар жыл басынан бері өзін-өзі жұмыспен қамтыған 392 мың адам арнайы салық режимінде тіркеліп, ҚҚС төлеушілер саны 10 мыңға артты.

Инфляция алты ай қатарынан баяулап келеді

Бірінші тоқсан қорытындысы бойынша инфляцияны төмендетудің тұрақты үрдісі сақталды. Наурыз айында инфляция 0,6%-ға дейін баяулады, ал қаңтар–ақпанда бұл көрсеткіш 1,0–1,1% болған. Жалпы жылдық инфляция 2025 жылғы қыркүйектегі 12,9%-дан 2026 жылғы наурызда 11,0%-ға дейін төмендеді.

Экономистердің болжамынша, қазіргі үрдіс сақталса, 2027 жылдың басында инфляция бір таңбалы деңгейге түсуі мүмкін.