Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Пәкістан Премьер-министрі Шахбаз Шариф пен Пәкістан Қарулы күштерінің бас қолбасшысы, фельдмаршал Асим Мунирдің араағайындығы арқылы Таяу Шығыстағы соғысты толық тоқтату және бітімге келу туралы келісімге қол жеткізілуін құптайды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
"Бұл келісім АҚШ Президенті Дональд Трамптың және Иранның жоғарғы басшылығының, сондай-ақ әскери қақтығысқа қатысқан елдердің ізгі ниеті мен парасаттылығының арқасында мүмкін болды”, – делінген хабарламада.
Мемлекет басшысы әлемдік сауданың дамуына және барлық мемлекеттің экономикалық өркендеуіне жағдай жасау мақсатында қол жеткізілген бітімгершілік келісімнің ұзақ мерзімді сипатқа ие болатынына үміт білдірді.
Айта кетейік, Дональд Трамп АҚШ-тың Иранға қатысты бомбалауды екі аптаға тоқтататынын мәлімдеді. Бұл шешім Ормуз бұғазы дереу ашылған жағдайда күшіне енеді.
Трамптың айтуынша, келісімге Пәкістан премьер-министрі Шехбаз Шариф және әскер басшысы Асим Мунирмен келіссөздерден кейін келген.
Иран билігі де бітімге келісетінін растады. Ұсынылған 10 тармақтың ішінде өзара шабуыл жасамау, санкцияларды алып тастау, АҚШ күштерін аймақтан шығару және соғысты тоқтату сияқты шарттар бар.