homepage
фото: ашық дереккөзден

Елдегі үш ЖЭС құрылысына Ресей қатыспайтын болды

07.04.2026, 18:34

Өскемен, Семей және Көкшетау қалаларында жылу электр станцияларын бұрын жоспарланғандай Ресей емес, енді Қазақстан мен Сингапурдың бірлескен консорциумы тұрғызатын болды. Бұл туралы 7 сәуір күні өткен үкімет брифингінде энергетика вице-министрі Сұнғат Есімханов мәлімдеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz. 

Жобаға сәйкес, көмірмен жұмыс істейтін үш станцияны 2029 жылға дейін аяқтау көзделген. Есімхановтың айтуынша, құрылысты Қазақстан мен Сингапур серіктестігі жүзеге асырады, сондай-ақ жобада Қытай технологиялары қолданылмақ.

Бұған дейін аталған нысандарды Ресей компаниялары салады деп жоспарланған еді. 

2023 жылдың соңында «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры және оның құрамындағы «Самұрық-Энерго» компаниясы Көкшетау, Семей және Өскеменде ЖЭС салу бойынша Ресейдің «Интер РАО – Экспорт» және «Фирма ОРГРЭС» ұйымдарымен келісімге келген болатын.

Бұл келіссөздер Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Санкт-Петербургке сапары барысында жүргізілген. Алайда Энергетика министрлігі не себепті ресейлік компаниялардан бас тартылғанын нақты түсіндірген жоқ.