Біздің елге Кан Хун-Шик келе жатыр. Ол ОКорея Республикасы Президентінің арнаулы өкілі – Президент Әкімшілігінің басшысы. Бұл – қатардағы дипломатиялық кездесу емес, бұл – энергетикалық қауіпсіздік үшін күрес.
Таяу Шығыстағы шиеленіс әлемдік энергетика нарығын шайқалтып жіберді. Ормуз бұғазының жабылуы Оңтүстік Кореяны тығырыққа тіреді: мұнайсыз қалған индустриялық алпауыт жағаға шығып қалған балықтай, қарманып жатыр.
Reuters мәліметінше, Сеулде жағдай күрделене түскен. Президент әкімшілігі мұнай іздеуге көшкен. Әрине, бұл ретте шикізаты көп, бай мемлекет Қазақстанмен көзбе-көз кездеспек керек. Кан Хун-Шиктің сапары осыны көздейді. Ол жақын күндері Астанаға арнайы сапармен келіп, мұнай жеткізу бойынша келіссөз жүргізбек.
Оңтүстік Корея үшін Ормуз бұғазы – өмірлік маңызы бар артерия. Елге жеткізілетін шикі мұнайдың 61%-ы, ал нафтаның 54%-ы дәл осы бағыт арқылы тасымалданатын. Енді бұл жол жабық. Нәтижесінде өндіріс баяулап, ішкі нарық қысымға түсті. Тіпті, 26 кореялық кеме бұғаз ішінде қамалып қалған. Үкімет оларды аман алып шығу үшін халықаралық деңгейде әрекет етіп жатыр.
Сеул тек Қазақстанға ғана емес, Оман мен Сауд Арабиясына да үміт артып отыр. Кан Хун-Шик сапары барысында осы елдермен ұзақ мерзімді мұнай келісімдерін бекітемін деп бек сенеді.
Қазірдің өзінде Оңтүстік Корея сәуір-мамыр айларына 17 елден 110 миллион баррель мұнай таба алған. Бірақ бұл – уақытша шешім ғана. Тұрақты әрі сенімді жеткізуші қажет. Осы тұрғыда Қазақстанмен келіссөздер ерекше маңызға ие.
Дағдарыс тек жанармай тапшылығымен шектелмейді. Жоғары технологиялы экономика үшін аса маңызды гелий газы да қауіпке айналды. Ол – жартылай өткізгіш өндірісінің негізгі компоненттерінің бірі. Қазір елде гелийдің небәрі төрт айлық қоры қалған. Бұл - технологиялық сектор үшін дабыл қағатын деңгей.
Ормуздағы жағдай мұнай өндірісін пандемия кезіндегі деңгейден де төмен түсірді. Бұл жаһандық нарыққа да, ұлттық экономикаларға да ауыр соққы. Оңтүстік Корея билігі халық пен бизнеске үндеу жасап, энергияны үнемдеуге шақырды. Бірақ бұл уақытша шара ғана. Ал, Астана Сеулдің сенімін ақтай ма? Бұл сұрақтың жауабы Кан Хун-Шиктің сапарынан соң белгілі болады. Әрине, Ақорда халықтың ен байлығын кімге беріп жатқанын жалпақ жұртқа айтамын деп шешсе біз де біле жатармыз...