"Артемида-2" экипажы Жерден ұзап ұшудан рекорд жаңартты. Олар мінген ғарыш кемесі Айдың арғы бетін айнала ұшу кезінде Жерден 252,760 мильге (406,770 шақырымға жуық) дейін алыстап, 1970 жылғы Apollo 13 миссиясы көрсеткішінен асып түсті.
NASA мәліметінше, рекорд 6 сәуір күні миссияның алтыншы тәулігінде, ғарыш кемесі Жерден 248,655 мильден асқан сәтте ресми тіркелді.
Миссия барысында экипаж Ай бетін шамамен 4,000-7,000 миль биіктен жанай өтіп, бірнеше сағат бойы кратерлерді, ежелгі лава алқаптарын және геологиялық жарықтарды тікелей бақылап, фотоға тартып, құжатқа түсіреді. Осыдан кейін ғарыш кемесі қозғалтқыштарды қосымша пайдаланбай-ақ Жерге оралуға бағыт алмақ.
Экипаж құрамында NASA астронавттары Рид Уайзман, Виктор Гловер, Кристина Кох және Канаданың ғарыш агенттігі өкілі Джереми Хансен бар. Ғарыш сапары шамамен 10 күнге созылады деп жоспарланған.
NASA "Артемида" бағдарламасы аясында келесі кезеңде астронавтарды Айдың оңтүстік тұсына қондырып, ұзақ мерзімді инфрақұрылым құруды, кейін бұл тәжірибені Марс миссияларына пайдалануды көздеп отыр.