Маңғыстау облысында Қаражанбасмұнай жұмысшылары облыс әкімдігі алдына жиналып, еңбек шарттарына наразылық білдірді. Олар президент Қасым-Жомарт Тоқаев атына бейнеүндеу жолдамақ, деп хабарлайды Juzmedia.kz. Lada басылымына сілтеме жасап.
Жұмысшылардың айтуынша, олар бірнеше жылдан бері аутсорсинг жүйесі арқылы еңбек етіп келеді. Компания бастапқыда штатқа қабылдауға уәде бергенімен, бұл мәселе әлі күнге дейін шешілмеген. Соған қарамастан, олар штаттағы қызметкерлермен бірдей жұмыс атқарады.
Наразы топтың мәліметінше, кейбір жұмысшылардың айлығы небәрі 120 мың теңге, әрі әлеуметтік жеңілдіктер қарастырылмаған. Құзырлы органдарға бірнеше рет шағымданғанымен, нақты нәтиже болмаған.
Осыған байланысты мұнайшылар мәселені мемлекет басшысы деңгейінде қарауды сұрайды.
Айта кетейік, «Қаражанбасмұнай» – ҚазМұнайГаз және қытайлық CITIC компаниясына тиесілі бірлескен кәсіпорын. Ол Маңғыстау өңіріндегі Қаражанбас кен орнын игерумен айналысады.