homepage
фото: видеодан алынған кадр

Алматыдағы көлік апаты: күдікті ауруханадан тергеу абақтысына ауыстырылды

07.04.2026, 11:17

Алматыдағы әл-Фараби даңғылы бойында үш адамның өмірін қиған резонансты жол апатына күдікті ZEEKR көлігінің жүргізушісі бүгін тергеу абақтысына ауыстырылды. Мұны қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады. Бұған дейін ол ауруханада жатқан. Тергеу соты оны қамауға алу туралы шешім шығарғаннан кейін күдікті жатқан палатаға күзет қойылған еді.

Еске салайық, 21 наурызға қараған түні Zeekr көлігінің жүргізушісі Әл-Фараби даңғылының бойымен келе жатып, қарсы қозғалыс жолағына шығып кетіп, Mercedes автокөлігімен соқтығысқан. Жол апаты салдарынан Mercedes көлігінің жүргізушісі мен екі жолаушысы оқиға орнында қаза тапты.

Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 4-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл бап бойынша 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Ішкі істер министрі Ержан Саденов Алматыдағы жол апатынан кейін бірқатар басшы қызметінен босатылғанын мәлімдеді.

Сондай-ақ Алматыда «STOP бұзушылық» ауқымды операциясы басталып, 4 өңірдің полиция қызметкерлері келді. Мегаполис көшелерінде түнгі уақытта уақытша полиция бекеттері жұмыс істеп жатыр.