Бүгін қазақ халқының аты аңызға айналған тұңғыш кәсіпқой балуаны, күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасұлының туғанына 155 жыл толды.
Қажымұқан Мұңайтпасұлы – қазақ тарихындағы тұңғыш әлем чемпионы атанған теңдессіз күш иесі. Ол күрестің бірнеше түрін меңгеріп, дүниежүзінің 30-ға жуық елінде өнер көрсетіп, 50-ден астам медаль жеңіп алды.
Балуан 1871 жылы Ақмола өңірінде дүниеге келді. Жастайынан ауыр еңбекке араласып, ерекше күшімен көзге түседі. Аңызға айналған оқиғалардың бірінде ол батпаққа батқан өгізді жалғыз өзі шығарып алған. Ал 17 жасында-ақ мықты палуан ретінде танылып, көп ұзамай циркке шақырылады.
Қажымұқанның үлкен жеңістері 1905 жылдан басталды. Харбинде өткен жарыста жеңіске жетіп, «Маньчжурия чемпионы» атанады. Кейін Еуропада, соның ішінде Швецияда өткен әлем чемпионатында топ жарып, қазақтан шыққан алғашқы әлем чемпионы болады.
Ол Америка мен Оңтүстік Америкада да өнер көрсетіп, Буэнос-Айресте алтын медаль иеленген. Көптеген атақты палуандардың жауырынын жерге тигізді. Кейбір деректерде ол 450 келілік сейфті арқасына салып көтерген деседі.
Қажымұқан түрлі елдерде әртүрлі лақап атпен өнер көрсеткен: «Қара Иван», «Ямагата Муханура», «Қара Мұстафа». Түркияда жеңістерінен кейін қажылыққа барып, есіміне «Қажы» атауы қосылады.
Ұлы Отан соғысы кезінде де қарап қалмай, цирк қойылымдары арқылы 100 мың рубль жинап, майданға ұшақ жасатып береді. Ұшаққа Амангелді Иманов есімі берілген.
Өмірінің соңында қиындық көрсе де, Қажымұқан халық жадында мәңгілік батыр болып қалды. Ол 1948 жылы өмірден өтті.