homepage
коллаж Juzmedia

Ветеринария: сыртқы һәм ішкі қауіптер

06.04.2026, 18:08

Ресейде тарап жатқан мал ауруларынан Қазақстанға келер қауіп бар ма? Құдай бетін ары қылсын, әрине. Көршінің індетінен бөлек өз ішімізде де ветеринария саласының жетісіп тұрғаны шамалы. Ол: 30 мың жалған құжат, жойылмаған ауру ошақтары, вакцина өндірісі, кадр тапшылығы және басқа да жүйелі мәселелер жыры. Ол туралы кейінірек тарқатамыз.

Қазақстан Ресейдің бірқатар аймақтарынан мал өнімдерін әкелуге шектеу қойды. Өйткені, Новосібір облысында 2025 жылдың соңында тіркелген пастереллез ауруы ауыздықталмай, өршіп тұр. Малды мәжбүрлі түрде жою басталды, бірнеше өңірде карантин енгізілді. Ресейлік дерекке сенсек, індет 15 өңірге тараған. Шығын – 1,5 млрд рубльден асады. Бұл жай статистика емес, нақты қауіптің өлшемі.

Пастереллезден қандай қауіп бар?

Пастереллез – жануардан адамға жұғатын қауіпті бактериялық инфекция. Ол суда, көңде апталап, ал ет пен өлекседе айлап сақталады. Иә, медицинаға белгілі, емделетін дерт. Бірақ, бұл оны елемеуге болады деген сөз емес.

Қазақстан тарапы шекарадағы бақылауды күшейтіп, мал өнімдері мен жем-шөпке шектеу енгізді. Ветеринарлық бекеттер күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Ведомство атап өткендей, елімізде эпизоотиялық жағдай тұрақты бақылауда. Қазіргі сәтте малды жоспарлы жаппай вакцинациялау жүргізіліп жатыр. Биыл 22 инфекцияға қарсы, оның ішінде аусылға қарсы 142,7 млн ветеринарлық іс-шара өткізу жоспарланған. 5 ақпаннан бастап өңірлерге 61,9 млн доза вакцина жеткізілген. Мал егу шарасы елдің барлық аумағында, соның ішінде Ресеймен шекаралас өңірлерде де жүргізілуде.    

Десе де сақтық қажет. Себебі, ветеринария – аграрлық экономиканың өзегі. Өткен жылдың соңындағы есепке сай, елімізде 9,1 млн сиыр, 23,7 млн қой мен ешкі, 4,7 млн жылқы, 302 мың бас түйе өсіріледі. Басты міндет қолда бар түлікті індеттен сақтап, санын көбейту. Соңғы жылдары ет өндірісі 914 мың тоннаға жетіп, экспорт 60,8 мың тоннаға дейін артты. Алайда осы өсіммен бірге сын-қатерлер де қалмай қатар жүр.

Атырауда ауру ошағы жойылмай тұр

Атырау облысында биылдың өзінде ірі қара арасында вирустық диарея мен инфекциялық ринотрахеит тіркелді. Мыңдаған мал ауырған. Соңғы жылдары бұл өңірде ауру ошақтары жиілеп кеткен. Егер 2021-2022 жылдары 14 ошақ болса, қазір олардың саны 45-ке жетті. 

Мәслихат депутаттары мәселені ашық айтып отыр: өңірде 300-ден сәл асатын ветеринарға миллиондаған вакцина егу, жүздеген мың сынама алу міндеті жүктелген. Бұл – жұмыс емес, шамадан тыс жүктеме. Мұндай жағдайда сапа туралы айту қиын.

«Кадр бәрін шешеді»

Отандық ветеринарияның басты проблемасы – кадр тапшы. Ресми нормада бір ветеринар 750 бас малды емдеуі тиіс болса, қазіргі жүктеме 1750 бастан айналып отыр. Ал жалақы 180-220 мың теңгенің айналасында.

Абай облысының Аягөз ауданына қарасты Айғыз ауылдық округі ветпунктінің меңгерушісі Ермек Қайырылханов жас мамандар ауылға кел десе бетінен басатынын айтады.

«Біздің ауылда 6 мың бас сиыр, 3 мың бас қой, 3 мыңның үстінде жылқы малы бар. Жоғары білімді ветдәрігер мен ғана, қасымдағы 3 жігіт санитар, фельдшер мамандары. Жас мамандар келмеген соң ауылда жүрген жігіттерді кезінде сырттай оқытып, үйретіп алдық. Осылай амалдап жұмыс істеп жатырмыз, алдағы 5-10 жылда біздің орнымызға кім келетіні белгісіз», – дейді маман.

Бір қызығы, Қазақстанда ветеринар мамандарын даярлайтын 7 ЖОО жұмыс істеп тұрса да маман жоқ. Жыл сайын аталған оқу орындарынан білім алып шыққан дипломды маман ауылға барып еңбек етуге асықпайды. Қалада қалып, басқа жұмыс істегенді жөн көреді.

«Себебі, ауыл-аймақта тұрмыс жағдайы, инфрақұрылымның дамуы және баспана мәселесі жастар үшін тартымды емес. Еңбекақы төмен. Ветеринардың жалақысы атқаратын жұмысының күрделілігі мен жауапкершілігіне сай келмейді. Бұған қоса, мал дәрігері тек төрт түлікті емдеумен шектелмей, түрлі індеттің алдын алу, вакцинация жүргізу, санитарлық бақылау жұмыстарын атқарады. Сондықтан кадр тапшылығын азайту үшін ең алдымен еңбек жағдайын жақсарту, жалақыны көтеру және ауылдық жерлерде әлеуметтік қолдау шараларын күшейту қажет», – дейді ветеринария ғылымдарының кандидаты Мереке Тоқаева. 

Ауылдық жерде ветеринар мамандар үшін басты мәселе – сырға. Қазір мал егудегі талап бойынша құлағында сырғасы болуы тиіс. 

«Сырғасы болмаса қан ала алмайсың. Ал сиырдың құлағынан сырға жиі түсіп қалады, сүйкенеді, қасынады.  Тағы бір мәселе үйде сойылған, біреуге сыйға тартқан, атаған мал, өлген мад базадан уақытында шықпайды. Осыдан келіп базадағы көрсеткіш пен нақты түліктің саны үйлеспей жатады. Яғни, жылдың басындағы көрсеткіш жыл соңына дейін неше рет өзгеріске түседі. Базада, құжатта қате кетсе бізге айыппұл салынады. Өз аз жалақы айппұл төлеумен кетсе, ветеринар қайдан тұрақтайды. Одан бөлек, ветеринарға берілетін қызметтік көліктің тез ескіру, тау-таста, жайлауда жүреміз. Мәселен, біз 2013 жылы берілген көлікті мініп жүрміз жиі сынады, сайманды өзіміз сатып аламыз», – дейді Айғыз ауылдық округі ветпунктінің меңгерушісі Ермек Қайырылханов.
 

Жүйе жалған акті жасауға итермелейді

Осындай жағдайда жүйе маманды адал жұмысқа емес, «жалған есеп толтыруға» итермелейді. Мұның дәлелі – соңғы үш жылда анықталған 30 мың жалған вакцинация құжаты. Бұл біреудің қателігі емес, жүйенің ақауы. Өйткені бақылау әлсіз, цифрландыру толық емес, тексеріс формалды. Салдарынан ресми статистика мен шынайы жағдайдың арасы алшақтап кеткен. Қағазда бәрі жақсы, ал далада індет жүріп жатыр.

Ветеринария ғылымдарының кандидаты Мереке Тоқаева ең алдымен, мұндай жағдайдың туындауына бақылау механизмдерінің жеткіліксіздігі себеп екенін айтты.

«Вакцинация жүргізу көбіне қағаз есепке тіркеледі, ал іс жүзіндегі тексеру мен цифрлық бақылау толық жолға қойылмаған. Соның салдарынан жалған мәлімет енгізуге мүмкіндік пайда болады. Кадр тапшылығы, аз айлық және саладағы цифрландыру деңгейінің көрсеткіші әсер етуде.  Жалпы алғанда, мұндай жүйелі мәселе жекелеген адамдарда емес, сол жүйенің өзінде жатыр. Сондықтан оны шешу үшін цифрландыру, тиімді бақылау, кадр саясаты және әлеуметтік қолдау қатар жүзеге асырылуы тиіс», – дейді ол.                      

Елдегі 168 зертхананың небәрі 27-сі ғана халықаралық талапқа сай. Қалғаны – ескірген, жабдықтары жеткіліксіз, мүмкіндігі шектеулі. Ауылдық жерлерде кейбір зертханалар тек сынама қабылдаумен ғана шектеледі. Мұндай жағдайда ауруды ерте анықтау мүмкін бе? Әрине, жоқ.

«Дегенмен, зертханалардың сапасы мен техникалық мүмкіндіктері барлық өңірде бірдей емес. Ірі қалалардағы зертханалар халықаралық талаптарға барынша жақын. Олар заманауи ПТР, ИФА сияқты молекулалық диагностика әдістерін қолданады. Сонымен қатар, мұндай орталықтар биологиялық қауіпсіздіктің BSL-2 және BSL-3 деңгейлеріне сәйкес келеді. Ал өңірлік, әсіресе аудандық деңгейдегі зертханаларда бірқатар мәселелер бар. Көптеген ғимараттар ескірген, кейбірі өткен ғасырдың 1980-жылдарынан бері жаңартылмаған. Құрал-жабдықтар жеткіліксіз немесе моральдық тұрғыдан ескірген, кейбірі  тек сынама қабылдаумен шектеледі. Сондықтан қазіргі жағдайды «ішінара талапқа сай, бірақ толық жетілдіруді қажет етеді» деп бағалауға болады», – дейді ветеринария ғылымдарының кандидаты Бауыржан Отарбаев.  

Жалпы, әлемде мал ауруларының 168 түрі бар болса, Қазақстанда соның 40-тан астамы тіркелген. Оның ішінде бруцеллез, құтыру, сібір жарасы секілді қауіптілері де бар. 

Дегенмен, жиі бас көтеріп тұратын індет түрі тыйылған жоқ. Құтыру және бруцеллез ошақтары барлық жерде тіркеледі.  Мысалы, бруцеллез ауруы 2020-2021 жылдары 2%-ға артқан. Сібір жарасы, лептоспироз, анаэробтық энторотоксемия, вирусты диарея мен инфекциялық ринотрахит секілді түрлері де өсіп отыр.

«Көп жағдайда індет бастапқы кезеңде тіркелмей қалады немесе кеш анықталады. Нәтижесінде ауру кең таралып кетеді, оны толық жою қиындай түседі. Екіншіден, вакцинация жүргізу деңгейі барлық өңірде бірдей емес. Кей жерлерде екпе толық қамтылмайды немесе ұйымдастыру сапасы төмен. Бұл мал ағзасында жеткілікті иммунитет қалыптастырмайды. Үшіншіден, ветеринариялық бақылау әлсіз. Әсіресе ауылдық аймақтарда маман жетіспеушілігі мен материалдық-техникалық базаның төмендігі індетке қарсы шаралардың тиімділігін азайтады. Төртіншіден, малдың қозғалысын қадағалау жеткілікті деңгейде емес. Егер ауру мал немесе инфекция тасымалдаушысы бір өңірден екінші өңірге еркін өтсе, індет қайта таралуы әбден мүмкін. Жалпы алғанда, індет ошақтарының толық жойылмауы диагностика, вакцинация, бақылау, кадр және тәртіп мәселелерінің өзара байланысынан туындайды», – деп түсіндіреді ветеринар ғалым Ақылбек Жұмагелдиев.   

Түйін. Қорытынды қарапайым, бірақ қабылдауға ауыр. Қазақстан ветеринариясында екі түрлі шындық бар. Ресми есепте – реформа жүріп жатыр, цифрландыру, даму бар. Ал, шынтуайтына келгенде, әлі сол кадр тапшылығы, жалған есеп, жойылмаған індет ошақтары. Егер бұл алшақтық жойылмаса, сырттан келетін індеттен гөрі, іштегі жүйесіздік үлкен қауіпке айналуы бек мүмкін.