Осы күндері Моңғолияның астанасы Ұлан-Батырда жұмыс сапарымен жүрген Қазақстан ҰОК президенті Геннадий Головкин осы елдің жоғары марапатына ие болды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Спортты дамытуға және халықаралық байланысты нығайтуға қосқан зор үлесі үшін моңғол тарапы Геннадий Головкинге Моңғолия ҰОК-нің жоғары наградасы «Алтан Очир» (Алтын гауһар) орденін табыстады.
Қазақстан мен Моңғолия Ұлттық Олимпиадалық комитеттері (ҰОК) басшылары екі елдің спорт ұйымдары арасындағы серіктестікті кеңейту, спорт саласындағы бірлескен бастамалар мен тәжірибе алмасу бағдарламаларын жүзеге асыру мәселесін талқылады.
«Біз әрдайым өзара cеріктестікке ашықпыз. Көршілес елдер арасындағы жақсы қарым-қатынасты жоғары бағалаймыз. Ынтымақтастықтың жүйелі дамуы олимпиадалық қозғалысқа тың серпін береді деп сенемін», – деп атап өтті Геннадий Головкин.