Атырау қаласында мектеп маңында жол-көлік оқиғасы болып, 1-сынып оқушысы қаза тапты, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Алдын ала мәлімет бойынша, қайғылы оқиға 6 сәуірде шамамен сағат 07:45-те болған болған.
Атырау облысы полиция департаментінің мәліметінше, 2018 жылы туған бала жаяу жүргіншілер өткелімен өтіп бара жатқан сәтте 1974 жылы туған жүргізуші басқарған Toyota Hiace маркалы автокөлік оны қағып кеткен.
“Ауыр жарақат алған оқушы жедел жәрдем келгенге дейін оқиға орнында көз жұмды”, – делінген ПД хабарламасында.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс тіркеліп, тергеу жүргізіліп жатыр.
Полиция жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, жылдамдықты төмендетіп, жаяу жүргіншілер өткелдерінде барынша мұқият болуға шақырды.
Сондай-ақ ата-аналарға балалардың жолдағы қауіпсіздігін бақылау қажеттігі ескертілді.