homepage
Видеодан кадр

Ауғанстанда су тасқынынан қаза тапқандар саны 99-ға жетті

06.04.2026, 10:02

Толассыз жауын-шашын салдарынан Ауғанстанның әр аймағында болған су тасқынынан қаза тапқандар саны кемінде 99 адамға жетті,  деп хабарлайды Juzmedia.kz.

“Синьхуа” агенттігінің хабарлауынша, соңғы тоғыз күн ішінде тағы 154 адам жарақат алған. Бұл туралы жексенбі күні елдің Табиғи апаттармен күрес жөніндегі ұлттық басқарманың өкілі Юсуф Хаммад мәлімдеді.

Оның айтуынша, 26 наурызда басталған нөсер жаңбыр ел аумағында ауқымды су тасқыны мен лай көшкініне себеп болған. Соның салдарынан адам шығыны көбейіп, айтарлықтай материалдық зиян келген.

“Табиғи апат нәтижесінде ел бойынша 5 мыңға жуық үй толық немесе жартылай қираған. Сонымен қатар 355 шақырым жолды су шайып кеткен, ал 14 405 акрдан астам ауыл шаруашылығы алқаптары су астында қалған. Жалпы 8 532 отбасы зардап шеккен”, – делінген хабарламада.

Ең көп зардап шеккен аймақтарға құтқару және гуманитарлық топтар жіберіліп, шұғыл көмек таратылып жатыр. Залалды бағалау жұмыстары жалғасуда.

Ауғанстанның метеорологиялық қызметі алдағы күндері де нөсер жаңбыр жалғасатынын болжап, елдің 34 провинциясында, әсіресе шалғай және осал өңірлерде жаңа су тасқыны қаупі туралы ескерту жасады.